"Охотзоопром" сенімді ме?

Берік ЖОРАБЕКОВ, "Охотзоопром" Қызылорда аумақтық филиал басшысы:
– Осыдан бірнеше күн бұрын Қармақшы аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары және "Охотзоопром" РМҚК өкілдерімен бірлескен "браконьер" рейдтік іс-шаралар кезінде Қармақшы ауданынан 15 шақырым жерде орналасқан "Тышқантам" аймағында "Охотзоопром" РМҚК "Ланд Крузер ЛХ76" маркалы қызметтік автокөлігі тоқтатылып, тексеру барысында көліктің артқы жүк салғышынан бір бас ақбөкеннің өлі денесі табылды. ҚР қылмыстық кодексінің 339 бабы, яғни, заңсыз тасымалдау бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдағы уақытта оқиғаның қалай орын алғанын "Охотзоопром" қызметкерлерінің браконьерлік іске қатысы бар-жоғын тергеу органдары анықтайтын болады.
Қыс мезгілінде Сыр бойын жағалап өтетін осынау киелі жануарды ажалдан арашалау бізге расында мүмкін болмай тұр. Түздегі жануарларды қызғыштай қорып, браконьерлердің ажал мылтығынан алып қалатын "Охотзоопром" қызметкерлерінің өздері мұндай қылмысқа барса, қалғанынан не күтуге болады өзі? Білмеймін. "Сенген қойым сен болсаң, мүйізіңе болайын" деші ме еді мұндайда. Бұл бір мәселе. Бұдан бөлек балық, қарақұйрық және жойылу қаупі бар құстардың аулануы да шектен тыс көбейіп отыр. Мұның алдын алу үшін жасалар шаралар жетерлік. Алайда оның толықтай іске асуына техниканың әлсіздігі де әсер етуде. Сөзімізге тұздық болсын. Осыдан бірнеше апта бұрын "Egemen Qazaqstan" газетінде Мұрат Жетпісбайдың "Табиғат қорғауда да табандылық қажет" деген мақаласы жарық көрді. Сонда:
"Былтыр табиғат заңдылығын бұзған 79 қылмыстық істің ішінде біреуі қарақұйрық, бірі киік мүйізіне, алты іс қоян атқандарға қозғалса, балық аулағандарға қатысты 18 іс қаралды. Жалпы жыл сайын "Охотзоопром" өндірістік бірлестігі табиғи ресурстар басқармасымен бірлесіп заң талаптарының қатайғанын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Алайда табиғатты қорғау күшейе түсу үшін жарақтандыру жұмыстары үздіксіз жүргізілу керек. Құба даладағы қуғын кезінде астындағы көлігі сайлы браконьерлер бұларға шыңын да көрсетпей кететін кездер көп. Мысалы, былтыр осы инспекцияға 5 көлік берілді. Нива, Хантер көліктері. Бұлармен джип мінген аңқұмарлардың қарасын көре алмайтының анық" деп жазған еді. Шынымен, қазір сай саланы кезіп, қару асынған браконьерлер көбеймесе, азаймай тұр. Жасырынған аңшыларды тосыннан келіп ұстамасаң, далада кезіктіру қиынның қиыны екені анық.Ал кезіктіре қалсаң, бес қаруың сай болмаса, олармен күресу тағы да қиямет қайым.
Сөз соңы. Өздері өскен өлкенің аңын өлтіруге бейім адамдар талай аңның басын жұтқан. Әсіресе киік атумен айналысатын браконьерлер табиғат байлығын тегін теңге табу көзі деп көреді. Яғни олжасын базарға сатып, қомақты қаржыны қанжығасына байлайды. Осыдан біршама жыл бұрын Қарақұм төскейінде мүйізі алынып, өлі денесі әр жерде қалған киіктер табылып еді. Кәнігі аңшылар үшін мұндай іс кәсіптің бір түрі десеңіз қателеспейсіз.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі таңда сирек кездесетін жануарларды заңсыз аулау бойынша факторлар өте көп. Оны статистикалық мәліметтер көрсетіп отыр. Табиғат байлығын талқандаушыларды тоқтатуға қаншама рейд жүргенмен одан сескеніп жатқандар аз-ау. Көзді ала бере тағы бір аңды сұлатып алады. Келтірген залалы үшін айыппұл салса да, одан сескеніп жатқандар шамалы. Оның үстіне заңсыз аңшылық жасаған құзырлы орган қызметкерлері де ұсталып жатыр. Міне осындай қаскөйлердің тоқтамауы табиғатқа жыл сайын қаншама шығын әкелуде. Табиғатқа жанашырлық таныту және оны қорғау қоғамның алдындағы үлкен міндет. Осыны әркім жете түсінсе дейміз.
Ақтілек БІТІМБАЙ