Тұрғын үй құрылысы қарқынды
Соңғы жылдары облыста тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артты. Осындай ауқымды жобалардың нәтижесінде, соңғы 5 жыл көлемінде қаламызда жаңадан 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық жерлестеріміз жаңа пәтерге ие болды. Былтырғы жылы қаламызда 230 мың шаршы метр болатын 2 мың 971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілді. Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысын дамытуға тартылған инвестиция көлемі 33 млрд. 142 млн. теңгеге жетті.
Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 43,8 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында 20 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. 2017 жылдың ең үлкен жетістігі, Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысын бастадық. Сол жағалауда құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үйдің және 320 орындық балабақшаның, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы ғимараттары салынуда. Осы аумақта 100 келушіге арналған емханамен қоса 300 төсектік көпсалалы облыстық аурухана, 900 орындық мектеп, мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын салу жоспарлануда. Біз жыл сайын мыңдаған қала тұрғындарына пәтер кілтін табыстап, баспанаға мұқтаж жандардың сұранысын қанағаттандыруға бар күш-жігерімізді салып келеміз. Қызылорда қаласында апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесі толық шешілді.