Өз қалауымызбен еңбек еткеніміз үшін еркінбіз
Батырбек, Әсел ЖҰМАТАЙ, онлайн-кәсіпкерлер:
Кез келген кәсіпкердің жетістікке жету жолын қарасаңыз, қиындық пен қуаныш қатар жүреді. Өйткені барлық тұлға жеңіледі, шаршайды, шағымданады, ұтылады. Бірақ алға ұмтылу керегін ұмытпайды. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз де бастапқыда сан түрлі қиындыққа кезіккен. Қарапайым Қызылордадан алып қала Алматыға жол тартқанда қолдау білдірген ешкім болмады дейді олар. Бүгінде инфо-кәсіпкер Батырбек пен фуд-блогер Әселдің тірлігі тиянақты, шаруасы оңды, табысы құнды. Осы аптада бизнес әлеміндегі кедергілерді бірге еңсерген жас отбасымен тілдесудің сәті түскен еді.
ӘЛЕМ ОНЛАЙН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУГЕ КӨШТІ
− Әсел екеуміз 2017 жылдың қаңтар айында шаңырақ көтердік. Сол жылдың мамыр айына дейін менің қызмет бабыма сәйкес Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласына қоныс аудардық, − деп Батырбек баппен әңгімесін бастады. − Мен ол кезде Жаңаөзен қаласындағы қазақ-түрік лицейінде жұмыс жасадым. Негізгі мамандығым мұғалім, яғни математика және қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жоғары білім алғанмын. Мектепте сабақ беріп жүрген сол уақытта келіншегім үй шаруашылығымен алаң болатын. Содан болу керек, жиі күйзеліске түсіп, көңіл-күйі болмай жүрді. Әрі ол кезде тұңғышымызға аяғы ауыр еді. Бір күні келіншегімнен «қандай дүниеге қызығатынын, бос уақытында не істегісі келетінін» сұрадым. Әсел бір сөзінде «асханада түрлі тәттілер пісіргенді, тағамның өзге де түрлерін дайындағанды ұнататынын» айтты. Мен оның бұл таңдауына қолдау көрсетіп, екеуміз бірге тәттілер пісіруге қажетті құрал-сайман, ыдыстарды сатып алып келдік. Сол кезден бастап Әсел өзінің қалауы бойынша тәттінің түр-түрін пісіре бастады, әрі бос уақытында Instagram парақшасын сапалы түрде жүргізуге көңіл бөлді. Бұл кезеңді Әселдің фуд-блогерліктегі ең бірінші қадамы деп айтуға әбден болады. Ал менің ол кезде «Өмір жолы» атты Instagram парақшам болды. Жалпы өзімнің SММ саласынан біршама хабарым болған соң, осы әлеуметтік желі арқылы табыс тауып жүрдім. Ал мамыр айында біз Жалағашқа қайтып келіп, осы жақта бір жылға жуық ата-анамыздың жанында болдық. Әсел ауылда жүріп-ақ инста парақшасын дамытуға күш салды. Арада біршама уақыт өткен соң келіншегіммен бірге балалар киімін сатуды қолға алдық. Біраз уақыт қиналдық, бірақ нәтиже біз ойлағандай болмады. Сол арада ауылдағы бір-екі мекеме мамандығыма сәйкес жұмыс ұсынды. Алайда менің мемлекеттік қызметке қарағанда, кәсіпке деген қызығушылығым басым болды, әсіресе табыс табудың жүйесін зерттеуге, тұтынушылармен жұмыс жасауға, тауарды сатуға деген қабілетім жоғары еді. Осылайша 2018 жылдың күзіне дейін ауылда болып, келіншегіммен бірге біршама бастамамен жұмыс істедік. Тапқан табысымыз жақсы болса да, біздің ойымыздағы өмір үшін жеткіліксіз екенін түсіндік. Сондықтан бізге үлкен қалада еңбектену қажет болды. Менің алдымда екі үлкен таңдау тұрды. Біріншісі өзім жеті жыл бойы білім алып, қызмет еткен Ақтау қаласына немесе кәсіп пен өнердің ордасы саналатын Алматыға көшуді мақсат еттім. Сол кезде маған Алматы тұрғындарының тынымсыз тірлігі, жалпы қаладағы қызу тіршілік шынымен қызық көрінді. Ниетімізге орай, Алматыға келіншегім, қызым Зеремен бірге көшіп келдік. Бірақ бұл жаққа келгенде біздің дайын жұмысымыз да, тұрақты баспанамыз да болмады, тіпті сөзбен демеп, қолдау көрсететін адам да кезікпеді. Алайда Әсел шеберлік сағатын ұйымдастырып жүрген соң, өзіне қажетті дүниелері қол жетімді болды. Ал мен ірі компаниялардың маркетингтік жарнама қызметі бойынша жұмыс істей бастадым. Қателеспесем, сол кездегі үйіміз Алматының шет жағындағы Кассина көшесінде орналасқан еді. Көне, қабырғасы құлауға жақын үйді жалдап тұрдық. Ауданның өзі сондай ескі еді. Бірақ біздің ең негізгі еңбек жолымыз осы кезден, осы ауданнан басталды. Біз қыдыруды да, бос уақытымызды демалысқа арнауды да ойламадық. Барынша білім алуды көздеп, қаржы жинауға, үнемдеуге тырыстық. Осылайша Әсел үйде, ал мен қатарынан екі-үш компанияда жұмыс жасап жүрдім. Сонымен қоса «Бизнес-бастау» бағдарламасы бойынша білім алып, екі курс аясында кәсіпкерлік тәжірибе жинақтадым. Әсел де өзін дамыту үшін шеберлік курстарына қатысып, жаңадан үйренген дүниелері жайлы Instagram парақшасында жазып жүрді. Осыдан соң біздің отбасылық табысымыз кішкене болсын көтеріле бастады. Арада біраз уақыт өткен соң мен сату, маркетинг, стратегия, контент жинау бойынша және психологиялық бағытта өзімді дамытуға күш салдым. Сол үшін инфобизнес майталманы саналатын Қуаныш Шоңбай және Мейірбек Бердібайұлы ағаларымның курсына қатыса бастадым. Бастапқыда арзан, қолжетімді білім түрлерін таңдасам, кейін келе 2 миллион теңгеге бағаланатын жеке курстар бойынша сабақ алдым. Басымыздан талай қиындық өтті, жеңіс те, ұмтылу да, ұтылу да болды. Бірақ Аллаға шүкір, қазір бәрі де жақсарды. Былтырдан бастап Әселдің Instagram парақшасын өз бақылауыма алдым. Жоба жетекшісі ретінде Әселдің контент жинауы, әр күн сайын жазатын мәтіні, оқырманға ұсынатын тақырыптары, сату жұмыстарын да өзім қадағалаймын. Осы орайда біздің жеке командамыз бар екенін айта кетейін, оның жұмыс барысын да өзім реттеймін. Қазіргі кезде Әсел екеуміздің жұмысымыз бірдей болып кетті (күліп). Онымен қоса маркетинг бағытында және SММ бойынша кеңес беру үшін жекеге адамдар қабылдаймын. Қазір әлем онлайн қызмет жасауға көшкенін мойындаған жөн. Осы орайда Instagram желісінің үлкен алаң екенін айтқым келеді. Ол жерде барлық сала мамандары тұтынушыға әртүрлі қызмет түрін ұсына алады. Копирайтер, таргетолог болып та, жарнама қызметімен блог жүргізіп те табыс табуға болады. Бірақ мұның бәріне қабілет керек, − дейді кейіпкеріміз Батырбек Жұматай.
МЕНІҢ ҚАБІЛЕТІМ – МАРКЕТИНГ НЕМЕСЕ ГРАФИКСІЗ ЖҰМЫС ІСТЕУДІҢ ПАЙДАСЫ
− Таныстарым да менен «екі дипломың бола тұра, не үшін басқа саланы таңдадың?» деп жиі сұрайды. Мен мұғалім ретінде мектепте екі жыл қызмет жасап көрдім. Бірақ уақыт өте келе бұл сала менің қалауым емес екенін түсіндім. Менің қабілетім − маркетинг, сату. Мен өнімді, ақпаратты, қызметті сата алатын қабілетім барын Алматыға келгенде түсіндім. Шынымды айтсам, алып қалаға келгенде «мүмкін, бастапқыда репетитор болармын» деп те ойладым. Бірақ мен бизнес курстарына қатысу арқылы өзімнің бейім саламды таптым. Негізі жер бетіндегі әрбір адамның өзгелерде қайталанбайтын, белгілі бір сала бойынша қабілеті болады. Бізді Алла о баста солай ерекше жаратқан. Егер адам сол қабілетін дәл тауып, кәсіпке айналдырса ол графиксіз жұмыс істеп, өзі қалағандай өмір сүре алады. Бұл − барлық адамға берілген мүмкіндік. Графиксіз өмір сүру деген − өзің құрған жоспарыңды жауапкершілікпен орындау деген сөз. Біздің де таңертең тұрғаннан түнге дейін жұмыс істейтін кездеріміз болады, бірақ біз өз игілігіміз үшін қызмет етіп жүргендіктен еркінбіз. Сол үшін де шаршамаймыз және осылай жұмыс істеу келіншегіме де, өзіме де ұнайды. Сондықтан бізден кейінгі жас буынның да осылай өз қалауымен өмір сүргенін қалаймын, − дейді Батырбек.
ӨЗІМДІ ТАБУҒА ДЕГЕН ҰМТЫЛЫС ФУД-БЛОГЕРЛІККЕ ӘКЕЛДІ
Instagram парақшасындағы 1 миллионға жуық оқырманға түрлі тағам рецептін тегін ұсынатын Әселдің де әр күні қарбалас пен қуанышқа толы. Күні бойы қыздары Зере мен Кәусардың күтімін қадағалап, жолдасы Батырбектің қас-қабағына қарай үйге жайлылық орнату отанасы ретінде Әселдің міндеті екені сөзсіз. Бірақ 21 жастағы келіншек бәріне де үлгереді. Осы орайда біз Әселге де бірнеше сауалымызды қойып, әңгімемізді одан әрі өрбіттік.
− Жоғарыдажолдасым айтып өткендей, үйде отырып, өзімді табу жолындағы ізденіс мені фуд-блогерлікке әкелді. Осыдан үш жыл бұрын Instagram парақшамды ашқан кезде қазақ тілді фуд-блогерлер жоқтың қасы еді. Сол үшін мен алғашқылардың бірі болып көптің сұранысына ие болдым деп ойлаймын. Аллаға шүкір, қазір ниетіме орай еліміз бойынша №1 қазақтілді фуд-блогерге айналдым. Әлеуметтік желіде көпшілік менен «бәріне қалай үлгересіз?» деп жиі сұрайды. Егер адам шын көңілмен қаласа, бәріне уақыт табуға болады. Осы орайда жолдасым маған көп қолдау көрсетеді, тіпті мен әзірлеген тағамдарды бейнежазбаға түсіріп, өңдеп, дайындап береді. Менің ең алғаш жасаған тәттілерім кәдімгі үй жағдайындағы кекстер еді. Оның арасында күйдіріп-жандырып жасаған тоқаштар, түрі онша емес пиццалар да бар (күліп). Айта кетейін, мен мықты кондитер болу үшін көп жерден сабақ алдым, түрлі аспаздық мектептен өттім. Ал қазір сол білгенімнің бәрін «Тәтті Ару» контидерлік мектебімде шәкірттеріме үйретіп жүрмін. Оған қоса «Бал ZERE» атты онлайн дүкеніміз бар , − дейді Әсел Жұматай.
АТА-АНАМЫЗДЫ ҚУАНТУ − ЕҢ ҮЛКЕН МОТИВАЦИЯ
Айта кетейік, Батырбек пен Әселдің танысуына да әлеуметтік желі себеп болған. Екеуі де − Жалағаш ауданының тумасы. Алғашында бірі бастыста, ал екіншісі солтүстікте білім алған соң, уақыт өте келе отбасын құруға шешім қабылдаған екен.
− Сыйластық − отбасымыздың ең берік ұстанымы. Біз үшін ең үлкен шекара − осы. Біз қандай жағдай болса да, бір-бірімізге ауыр сөз айтпаймыз, себебі біріміздің көңіліміз екіншіміз үшін өте маңызды. Алыстай қалсақ, елеңдеп, шын сағынып тұрамыз. Ал келісімге келмей қалсақ, барынша жанжалдаспауға, тез мәмілеге келуге тырысамыз. Екеумізде бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараймыз, әсіресе бала психологиясына қатты мән береміз. Бізге ата-анамыздың үнемі риза болуы, сол кісілердің қуанып жүруі үлкен мотивация береді. Үлкендердің сенімін ақтап, адал перзент, үлгілі ата-ана болуды елестетудің өзі бізге риясыз қуаныш сыйлайды.
Бұйырса алдағы уақытта кондитерлік жоба аясында қазақ тіліндегі аспаздық кітапшалар шығару жоспарымызда бар. Сосын әрбір қаладан «Бал ZERE» атты конитерлік орталығын ашқымыз келеді. Бұдан өзге де еліміз үшін пайдалы идеяларымыз бар, оны газет оқырмандарымен болашақта бөлісетін боламыз, − дейді жас отбасы.
Гүлдана ЖҰМАДИН