2019: Салық өзгерістері
– Биылдан бастап салық заңнамасына өзгерістер енгізілді деп естідім. Патент, оңайлатылған режиммен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін жаңалықтар бар сол туралы жазсаныздар екен.
Айсәуле Қызылордадан
Сұраққа Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатова жауап береді.
Жауап:
– 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Салық кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, тәуекелдерді басқару жүйесі қосылды. Ол дегеніміз салық төлеушілер тәуекелдердің үш санатына бөлінеді: жоғарғы, орташа, төмен. Жоғары санаттағы салық төлеуші ол қызыл топтағы кәсіпкер болып табылады, орташа дегеніміз сары топтағы кәсіпкер, төмен дегеніміз жасыл топтағы кәсіпкер. Кәсіпкердің өзіне байланысты. Егер ол салық міндеттілігін толығымен және уақытылы орындап тұрса орташа немесе жоғары санатқа кірмей төменгі санатта жүреді. Ол дегеніміз салық есептіліктерін уақытылы тапсыру, мерзімінде аудару. Егер де салық төлеуші салық есептіліктерін 0 көрсеткіш деп көрсетсе немесе салық есептіліктерін қайта-қайта қосымша төмендетуге қатысты салық декларациясын тапсырса, сол кезде орташа немесе жоғары санатқа шығуы мүмкін. Ол дегеніміз салық төлеуші салық органдарының бақылауында болып, салықтық тексеру болуы мүмкін деген сөз. Сондай-ақ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіштен (63 125 теңге) төмен азаматтар үшін жеке табыс салығы 10 есе төмендетілді. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық ашық сауда орындарында онлайн бақылау-кассалық аппараттарды қолдану міндеттелген, казіргі таңда 17 қызмет түрі міндеттелген, сәуір айында тағыда 323 қызмет түрі қосылады. Әр тоқсан сайын қызмет түрлері қосылып отырады, жылдың аяғына дейін 650 қызмет түрі міндетті түрде онлайн бақылау-кассалық аппаратты пайдалану керек. Казіргі таңда Кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары мәжілісте талқыланып жатыр, ол жерде онлайн бақылау-кассалық аппаратқа жұмсалған қаражатты шегеруге жатқызу мүмкіндігін ұсынғанбыз. Сонымен қатар кәсіпкерлерге бөліп төлеу жолдары қарастырылды.
Сондай-ақ патент арқылы жұмыс істейтін кәсіпкерлердің жылдық айналымы өзгерді. Өткен жылдары жылдық айналымы ең төменгі жалақыдан 300 еселенген болса, биылдан бастап айлық есептік көрсеткіштің 3528 (8 908 200 теңге) еселенген деп міндеттелген. 2020 жылдан бастап саудамен айналысқан кәсіпкерлер патент режимін қолдана алмайды. Оңайтылған декларация бойынша айтатын болсақ, жеке кәсіпкер мен заңды тұлғаға салық кезең үшін айналымы айлық есептік көрсеткіштің 24038 (60 695 950 теңге) еселенген деп міндеттелген, адам саны 30-дан аспауы қажет.
Сонымен қатар, зейнетақы жарналары бойынша шектеулер өзгерді. Ең төменгі шектеуі ең төменгі жалақының 1 еселенген болса, ең жоғарғы шектеу ең төменгі жалақының 50 еселенгенінен аспауы тиіс.
Әлеуметтік алым бойынша төменгі шектеу ең төменгі жалақыға 1 еселенген болса, ең жоғарғы шектеу ең төменгі жалақының 7 еселенгенінен аспауы тиіс. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдар бойынша ең жоғарғы шектеу ең төменгі жалақының 10 еселенгенінен аспауы қажет. Сондай-ақ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қосымша құн салығын төлеушілер электронды түрде шот фактура жүргізу керек.
Дайындаған Әйгерім ӘБДІРАХМАН