Абай күнінде
Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында көптеген шаралар өткізілді. Елде төтенше жағдай енгізіліп, карантин болған күннің өзінде де онлайн шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтар болсақ, Абай өлеңі кеңінен насихатталып, мектеп оқушылары түрлі байқауға білек сыбана атсалысты. Бұл бастамаға жастар да үлес қосуда. Мереке облыс әкімінің құттықтауымен басталып, “Мұрагер” мектебі ауласында орналасқан Абай ескерткішіне гүл шоғын қою шарасына ұласты.
– Абай күніне байланысты Қызылорда қаласы мен аудандарда біршама шаралар өткізілді. Атап айтсақ, «Абайға тағзым етейік» атты әдеби оқу, Қармақшы ауданында «Абай мұрасы – ұлт мұрасы» атты ақын-жыраулардың арнауы, Қазалы ауданында «Абай әні мен қара өлеңдері» атты мәдениет қызметкерлері мен оқушылардың онлайн концерті өтті. Осы сипаттағы шаралар барлық аудандарда ұйымдастырылды. Ұлы Абай есімі Конфуций, Шекспир, Вольтер және Гете сынды аты әлемге әйгілі алыптар қатарында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет брифинг барысында.
Алаш ұрпағының рухани құбыласы – Абай құбылысын ерекше құрметтеу баршамызға бұлжымас парыз. Осыны ескерген жастар да шараның басы-қасынан табылды. Атаулы күнге орай облыстық жастар ресурстық орталығы жанындағы Сыр еріктілері фронт-офисінің өкілдері Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай ауылының, Абай көшесінде «Birgemiz: Taza Alem» бағыты бойынша сенбілік жұмысын ұйымдастырды. Бұдан бөлек, қаймағы бұзылмаған ауылда қайырымдылық акциясының өтуіне мұрындық болды.
– Көмекке мұқтажға жылылық таныту – ортақ мүдде. Бұл ретте еріктілер осындай атаулы күнде мұқтаж жандарға көмек көрсетуін жалғастырды. Жалпы бүгінгі мерекеге орай кітапсүйер жастардың шоғырын қалыптастыра білген «Kitap Qurttary» клубымен «Абай жолы» эпопеясы талқыланды. Жастар ерекше жазу стилімен, өзіндік тіл шеберлігімен оқырман қауымға ұсынған осы бір туындыдан Абай кешкен өмірдің тарихын түсінді. Алдағы уақытта да Bookcrossing форматында Абай Құнанбайұлына қатысты кітаптарды жинақтау жұмыстары жүргізілмек. Абай күні – қазақтың ізгілік пен өркениет өріне басқан тағы да бір қадамы. Бұл күн – жастар арасында біртұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, қастерлі күнге айналғанын көрсетуде, – деді орталық директоры Бауыржан Мәстеков.
Шара аясында волонтерлар Қосшыңырау ауылдық округіндегі тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратты. Қызылордалық кәсіпкерлер батыс қазақстандықтар жолдаған «Жақсылық жаршысы» эстафетасын жалғастырды.
– Бүгінгі шара Абайдың 175 жылдығына орай өткізілді. Кәсіпкерлер палатасы “Жақсылық жаршысы” акциясын ұйымдастырды. Олардың берген азық-түлігін табыстап шықтық. Мұнан өзге де жұмыстар жүргізілді. Мәселен “Таза әлем”, “Асыл мұра” бағыты бойынша жұмыстар жүргізілді. Абай аллеясын тазалап, тұрғындарға үн парақтар тараттық, – деді “Волонтерлер фронт офисінің” жетекшісі Болатбек Айтбенбетов.
Облыстық жастар ресурстық орталығы қызметкерлері Абай ауылын аралап, тізімде көрсетілген бес үйге арнайы ат басын тіреді. “Қандай көмек, кімнен берілді” соның бәрі түсіндірілді.
– Сіздердің атқарған істеріңізді жаңалықтардан естіп отырамын. Көмек көрсеткендеріңіз үшін Алла разы болсын. Қазір карантиннің кезінде азық-түлік алу қиынға соғатыны жасырын емес. Сондықтан бұл біз үшін үлкен көмек, – дейді Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғыны Мұрат Рахметов.
Мұнан соң шара қаладағы Абай аллеясында жалғасты. Мұнда тұрғындарға, оның ішінде жастарға ұлы ақынға қатысты деректер қамтылған үнпарақшалар таратылды. Танымдық экскурсия да ұйымдастырылды, ол жастарды рухани байытып, сөз зергерінің мұраларымен сусындауына жол ашқаны сөзсіз. Сыр еріктілері фронт-офисінің Asyl Mura бағытының үйлестірушісі Әйгерім Әмірханның айтуынша, «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары, Абай мұрасы – халықтың ең қасиетті қазынасы». Ұлы ақын еңбектерінің уақыт өткен сайын өзектілігі артып, қоғамдық, рухани әрі мәдени өмірдегі бағыты айқындала береді.
– Абайды оқыған сайын жаңарып, тазара бересің. Тереңіне бойлаған сайын ойлана түсесің. Мына сұлу дүниенің есігін ашып, рухани құндылыққа ұмтылғысы келген әрбір адам Абайдың шығармаларымен етене танысу керек. Әсіресе, жастар. Бұл бағытта біз бірқатар шараларды қолға аламыз. Карантин уақытында онлайнның оңтайлылығын пайдалана отырып, әдеби оқуларды да ұйымдастырамыз. Абай күнінің мемлекеттік мәртебе алуы баршамыздың жүрегімізге қуаныш ұялатып, мәуелі мемлекетке айналудың негізі болатыны кәміл, – дейді Ә.Әмірхан.
“Жақсылық жаршысы” марафоны аясында «Dalatex» ЖШС директоры Ділмұхамед Абызов, «Аңсар М» ЖШС директоры Манат Алмашева, «Нурлен» ЖШС басқарма төрағасы Қайрат Боранбаев, «Абзал және К» ТС директоры Мағжан Ерәлиев, «Мансап» ЖШС тең құрылтайшысы Наталья Мишукова, «Ысамаддин» ШҚ басшысы Жанарбек Нұрымбетов, «Аспан групп» ЖК басшысы Болат Нұрхожаев, «Раим» ЖШС құрылтайшысы Ерлан Раимов үлес қосты. Сонымен бірге «ПромКоммерц КА» ЖК басшысы Аида Керімқұлова 1000 маскамен (әр отбасына 10 маскадан) қамтамасыз етсе, «Данчо» әлеуметтік дүкендер желісі азық-түлік жинауға арналған қоймасын тегін ұсынды.
Мөлдір САБЫРЖАН