ҰРЛЫҚҚА ТЫЙЫМ БАР МА?
Бүгінде ұрлық жасау тыйылмай тұр. Біреудің ұялы телефонын қолды қылса, енді бірде біреудің малын бас пайдасына иеленетіндер жетерлік.
Кеше Шанхай мөлтек ауданында бір кісі қалта телефонын ұрлатып, шыр-пыр болды да қалды. “Алғаныма үш ай ғана болды, әлі ақшасын төлеп құтылғанымыз жоқ. Бір кісі тоқтатты, оны “жол-жөнекей жеткізіп салайық” дедік. Артынан күйеуімнің қалта телефонын таппай қалдық. Екі байланыс нөмірі де өшірулі. Енді құжаттарымды алып, арыз жазуға барғалы жатырмын. Мұндай жағдай боларын білсек, ешкімге тоқтамас едік қой. Өзі үлкен кісі екен “алдым” деп мойындап бере салса, біз де ештеңе демейміз ғой. Бәлкім бір “ағаттық кеткен шығар деп жылы қабылдар едік”, – дейді келіншек ашынып.
Мен де студент кезімде онға жуық қалта телефон жоғалттым. Бірі түсіп қалды, енді бірі қолды болды. Не керек, бірде-бірі табылмады. Жазған арызымнан да пайда жоқ. Өткенге көз жүгіртіп, ол кісіні түсінгендей болдым. Ал қазір бақсам ұрлық көбейіп кеткен бе деген ойға келесіз...
Сонымен бірге мал ұрлығы да өршіп тұр. Көшеде қараусыз жылқының көп екені де жасырын емес. Көлікпен өте қалсаңыз, ұзын-сонар жолды жауып кетеді кейде. Сонда “мына жылқылар қолды болмай ма? Иесі қалай қорықпайды” деп ойланатын едім. Расында жылқылардың қолды болғаны аз емес екен. Жақында әлеуметтік желіде тараған бір ақпарат көзге түсті. Ондағы суретте жылқының аяғын байлап, ұрламақ болған сәт бейнелеген.
Мал ұрлығының ең басты себебі қараусыз қалғаннан деп түсінуге болады. Бұрын “пада, қой кезек” деген түсінік болатын. Ал қазір малды жайылымға жіберіп, үйде бейқам отырамыз. 3-4 күн келмеген кезде барып, малды іздейміз. Сондықтан да болар, ұрылардың қорықпай іс-әрекетке баратыны. Үйдегі қорадан да алып кететін сәттер жиі ұшырасады. Бүгінде мал ұрлығының алдын алуға қатысты біршама жұмыстар атқарылуда. Жақында қызылордалық полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде тәулік ішінде облыс тұрғынына ұрланған 4 бас жылқысы қайтарылды.
Қолда бар мәліметке сүйенсек, Қазалы ауданының 46 жастағы тұрғыны жайылымда жүрген 4 бас жылқысының ұрланғаны туралы полицияға арыз береді. Дереу іздеу жұмыстарына кіріскен полицейлер барымташыны көп ұзатпай қолға түсірді. Жылқыларды өрістен ұрлап әкеткен барымташы кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ұсталған күдікті азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 1-бөлігімен (мал ұрлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
– Бүгінгі таңда еліміздің барлық аумағында кең етек алып отырған мал ұрлығы қылмысының тіркелуі облыс бойынша былтырғымен салыстырғанда 37,4 пайызға яғни 230-дан 144-ке төмендеді. Мал ұрлығымен айналысқан жалпы 67 адамнан, оның ішінде 13 қылмыстық топ құрықталып, солар жасаған 43 эпизодтың қылмысы әшкереленді, – дейді Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Шалхаров.
Ұрлық жасамау керегін бесіктегі балаға дейін үйрету керек. Біреудің затына қол тигізсе, “алма, біздікі емес” деп айтқан жөн. Балалар ата-анасымен өзге үйге қыдырып барды дейік. Бала өзіне ұнаған ойыншықты қолына ұстап кете береді. Оған ата-ана қой демейді, үй иесі де ала берсінге басады. Содан бастап баланың миына “рұқсатсыз алуға болады екен ғой” деген түсінік қалыптасады. Сөйтіп жүріп, ұрлықшыны қолдан жасағанымызды аңғармай қаламыз. Ұрлық саны азайсын десек, баланы бейнетке баулу керек. Адал еңбекпен ақша табу керегін үйретсек, біреудің еңбекпен қол жеткізген дүниесін иемденуге болмайтынын түсіне жатар. Ал ол ұрпақ өсіп-өнем дегенше бағалы затыңызға сақ болыңыз!
Мөлдір САБЫРЖАН