Ғұлы-ғұлы
Ойын баласы не істемейді?! Ішегін сүйретіп ойнағанның соңы біз шығар. Күн тас төбеден шақырайып тұрса-дағы, ғұлы-ғұлы іздеп, мен келемін. Үлкен әрі семізін ұстау керек болып тұр. Ғұлы-ғұлы құмды жерде жатады. Ұйық қып, ұясын шұңқырлай жасап, өткен-кеткен майда жәндіктерді аңдиды. Сол окопта жатқан жәндіктің өзін ұстап алып, ыстық құмға әбден піскен қара табаныма жағып, өзімді анау бұлдырай көрінген Үйрекмолаға дейін жүгіріп сынамақпын. Ғұлы-ғұлының адамға берер қасиеті бар. Мұны бірге ойнайтын Бақшабай айтқан. Оған ағасы айтыпты. Қойшы, мұның тарихы тым әріде. Оның айтуынша, ғұлы-ғұлыны жалаң аяққа жағу керек. Сонда біразын басып озбақсың. Сенен асқан желаяқ жоқ бұл Жаңақұрылыста.
Ақшабай төбенің асты шеге құм еді. Азанда кеткен сиырдың сүрлеуімен келемін. Бұзауын қимай, артына бұрыла мөңіреген мүйізділер осы маңнан өреді. Ыстық қайтқанша осында жатады. Үлкендер «Үш айдынға» қарай зорлықпен айдап тастамаса, салқынмен жайылғанды сиыр шіркін де жақсы көретін. Күн қызуы қайтысымен тіркескен күйі сиыр біткен ауылдан ұзай береді. Ыстық басылғанын күткен бір топ бала қаптарын арқалап осы төңіректен тезек тереді. Ех, тезекке піскен таба нан. Қалың шоқтың астынан шығысымен салқын сарайдағы күбіден алған сары майды келістіріп жағып алсаң. Оған жер құдықта байлаулы жатқан мұздай қою айранды қосыңыз. Айтпақшы, айран неге құдықта жатады?! Салқындатқан түрі ғой шешемнің. Біздің ауылда екінің бірінде тоңазытқыш болмайтын. Сосын ше?! Сосын, әкей ішетін сапар кесеге толтыра құйып, май жаққан ыстық нанмен қарбыта жеп соғып алсаң...
Елестей бастады осының бәрі. Қарным ашыпты-ау менің. Үйдегілердің менімен мүлде шаруасы жоқ екен-ау, әә?! Ашыққаным енді сезілді. Бірақ, әуелі ғұлы-ғұлыны табуым керек.
Үлкен ғұлы-ғұлы ұстау үшін ол жататын үлкен шұңқырды табуың шарт. Менің түсінігімде солай. Міне, біреуі кездесті. Қуанғаным-ай! Көршім, сыриған Олжасты жолда қалдыратынымды бір сәт елестетіп алдым. Енді маған қара құмырсқа керек. Ал, кеп ізде.
Құйрығын қайқита түйе құмырса кетіп барады. Бұл ғұлы-ғұлының үйін быт-шығаратыны анық. Тым үлкен, ебедейсіз. Жарамайды. Есекқұрт ше? Баяу жылжып, өзі күнін әзер көріп жүрген бұған тиіскенім жарамас. Әудем жерде қара қоңыз жылжиды. Қара құмырсқа жоқ. Қырсықты қарасаңшы.
Жарты сағаттан соң илеуге тап келдім. Шақшиған күн, жалыны бет қарпитын ыстықты бұлар да сезе ме, әлде түскі үзілістері ме, кім білсін, құмырсқа біткен мүлде көрінбейді. Жоқ, әне, біреуі келеді. Кілт тоқтап, тағы зыр ете қалады. Төбесінен төнген күйі, аңдып сәл отырдым. Ыңғайлы сәтте үстінен баса салмақпын. Оуп! Қолға түстің бе, бәле басқыр!
Қара құмырсқаны алақанға абайлап қысқан күйі ғұлы-ғұлыға қарай жүгірдім. Кетерімде жанына сиырдың екі-үш үлкен жапасын белгі етіп, қойып кеткенмін. Тез тауып алдым. Өз ақылыма өзім сүйсінгенім-ай. Енді қызыққа батып, қолға түсіру ғана қалды.
Құмырсқаны ғұлы-ғұлының шұңқырына салып кеп жібердім. Қазір басталады майдан. Көз айырмай тұрмын. Батырға да жан керек, кең далада жүйткіген байғұс құмырсқа қайда тап болғанын енді сезгендей. Шұңқырдан шығам деп әлек. Қайдағы, жоғары өрлеген сайын, сусылдаған құм төмен сырғытып әкетеді. Кенет шұңқыр түбінен әлдене секең ете қалды. Құмырсқа өзіне тықыр таянғанын анық сезді. Жанталасты бұл жолы. Шұңқыр түбіндегі құбыжық та басын секеңдете шығарып, әлгі құмырсқаны мүрдем кетіруге асық. Жан беру оңай ма?! Қара құмырсқа тырбаңдай, шыр айналады құмды шұңқырда. Менің кезегім келді, ендеше. Ғұлы-ғұлының кішкентай басы тағы бір көрініп, құмырсқаға ұмтыла бергенде, құмды шұңқырды уыстай қысып алдым. Өз-өзіме риза кейіппен, тақыр жерде әлгі уыстағы құмды төге бергенмін. Құмды жайғанымда әуелі жанұшыра құмырсқам атып шықты. Безіп барады ей. Бара берсін, ол өз миссиясын тәуір атқарып шықты. Шықпаған жаным олжа деген шығар өзі де. Құмды тағы аударыстырғанда тырбаңдап ғұлы-ғұлы көрінді. Ыржалақтай күле бердім. Күлмей ше?! Жақсы жүгіруге керегі – осы емес пе?! Басынан қарны үлкен осы жәндікті қысқан күйі табанға баттастыра жаға салдым. Тұп-тура Бақшабай досым айтқандай. Ал, енді кез келген уақытта құйындап, жүйтки бер! Бірақ, бұлдырай көрінген Үйрекмолаға қарай жүгіргім келмей қалды. Білмеймін, ғұлы-ғұлы жаққан табаныма өте қатты сенімді болсам керек. Ауылға қарай ысқыра әндетіп қайттым. Қарнымның ашқаны да басылған сияқты ма, қалай?!
Бұл ойын баласы кездегі өзімше қатысқан "операция" еді ғой. Ғұлы-ғұлы жайында қала түгілі, қазіргі ауыл балалары да білмеуі мүмкін. Ғұлы-ғұлы деп неге атады екен?! Сол кезгі аңқау, таза ауыл баласындағы нағыз қияли кездер кімнің есінде болса да қалғаны анық.
Ержан ҚОЖАС