» » Қарға қуған қара бала

Қарға қуған қара бала

   Даусының өзі сүйкімсіз еді. Ішіндегі тұлғасы бәрінен ерекшелеуі мені аңдиды. Мен оны аңдимын. Қу тамақ деп олар топтасады. Еткен еңбек, төккен тердің жемісін қызғыштай қоримын. Шіңкілдеген даусымнан олар ыға қоймайды. Жақындап, желкесінен түйіп жіберетіндей ұмтыламын. Үлгіртпейді. Мазақ еткендей қанатын еріне қағып, бақша сыртындағы қоршау бағанға қона беретін.
Хан Жалғастың көктем туысымен бар ермегі – кетпен арқалап, бақша салу. Әрем дейді бізде. Әрем деп, сірә, біздің Қазалы жақта ғана айтылады. Талай жерде болсам да ол сөзді естімеппін.
Хан Жалғас – менің атам. Хан – халықтың атағаны. Әлі күнге дейін неге олай дейтіні маған беймәлім. Кейбір жақындарымыз атамның ұдайы татулыққа шақырып жүретінін айтады. Ағайынның ұлы біреудің үлбіреген қызын алып қашса, онда да Хан Жалғас кешірімге баратын. Ауылдағы ағайынның осындай шаруаларына араласатынын бала Ержан қайдан білсін?! Маған белгілісі – атамның диқандығы ғана.
Қара қарға әлі мені аңдиды. Мен де көз алмаймын. Биыл есік алдынан бөлек, үй сыртындағы трассаға жақын жерді қоршауға алғанбыз. Онда не жоқ дейсіз? Орынбасар көкемның "Беларусімен" жыртқан жерді қарықтап, қауын-қарбыздың түр-түрін төктік. Ерте пісетін жәмбілше, сарт қауын, шытырлақ, күләбі, ала қарбыз, қара қарбыз. Қабығы қалың, тоқсан күн сақтауға шыдайтын қарбызды да еккенбіз. Құшағым жетпейтін сәлде асқабақтың тұқымы да қарық бойындағы кетпенделген ұяға жайғасқан. Жердің басында атам мен үлкен ағаларым. Менікі апам тіккен қалтада өнген тұқымды ұяларға салып шығу. Екі күн бұрын қарықтарға су жіберіп алғанбыз. Көп жылдан бері су тимеген жер бойына тез сіңіріп, әп-сәтте ылғалданған. Бетін үш-төрт елі қалыңдықта топырақпен жаба салып, әр еккен ұямды санаймын. Он, он бір... Оһо, күләбіден отыз ұя тастаппыз. Осылай қуансам, атам күледі де қояды.
– Балам-ай, ертең бейнетіне келгенде ойын қуып кетпесең болар еді?! Бақша піскенде осыны қарға мен сиырдан қорисың ба? Атам сынай қарап, күледі.
– Қоримын. Өзімді солдаттай сезінгенмін сол кезде.
Көктемде еккен көп тұқымнан әуелі екі құлақтанып жаздай жейтін несібенің алғашқысы атып шықты. Тіпті, сол көрінгенде, есім кетіп қуанғанмын. Тағы бір күндері төрт құлақтанды. Біршама күннен соң пәлектеді. Мамырдың соңы қарық бойына өркен жайып, тармақтала, салма ішіне құлай бастады. Арасында гүлдегені бар. Атам мен ағаларым осы аралықта отақ отап, жантақ, сораң, шиін мен ажырықтың қарасын құртып үлгерген. Бірнеше рет суарған да. Пәлек гүлдесе, қауын-қарбыз түйнекке қарады деген сөз. Түйнек көрінсе, аз уақытта қауын мен қарбызға тоясың.
Қара қарға трасса үстінде жүр. Мені аңдиды. Мен де көз алмаймын. Тіпті, күреске түсетін палуандай талтаңдайтынын қайтерсің?! Жанында одан шағындау серігі тым еркінсіп, бақша ортасындағы қарақшының басына қонды. Атам орнатқан, жаман күпейкі мен жарғақ құлақшынды ағаш адамнан қауіп жоғын бұлар біледі. Қарақшының маған көмегі мүлде жоқ. Ызаланып, қадалған қарақшыны жұлып алғым кеп тұрды да, ойымнан тез айныдым. Бақша суарған күні балшықтан домалақ етіп жасалған оқтарымды ызғыттым. Ата-бабамда жоқ мергендік, маған қайдан дарысын?! Қиыс кетті. Үріккен қарға далбақтай ұшып, трасса жиегіне қайта қонды.
Жәмпілше піскесін атам піссімілләсін айтып, теңдей бөліп жегізген. Одан кейін оның қызығы таусылып, қазақы қауынға қол салдық. Шытырлақ та пісті. Әзірге қарбыз ғана желінбей тұр. Атамның айтуынша қырық күндік ала қарбызды да бір аптадан кейін жарып көрмек. Бауырын жерге төсеп, күнге жылтырай шағылысқан ала қарбызды пышаққа іліктіруге мен де қарсы емес едім.
Бақша піскелі қарға да көбейді. Өздері тым ұйымшыл. Көзіңді ала бере тұтқиылдан шабуыл жасайды. Ұшып белгі бермей-ақ, аяңмен келіп, шеңгелді қоршаудың саңылауынан кіріп кетеді. Мына шетін қорғасаң, олар ана шетінен жәукемдеп кетеді.
Қарақшыға қонған қарғаны жөніне айдап салған соң, көлеңкеге қисайғанмын. Көзім ілініп кетіпті. Түсімде қарғалар би билеп жүр. Ішіндегі мен көрген көсемі билеген топтың ортасында маңғаздана, аяғын кердеңдей басады. Сөйтті-дағы ала қарбызға секіріп мінді. Шуласқан қарғалар бір сәт тынышталған еді. Көсем қарға үшкір тұмсығын қарбызға қадай берген. Ала қарбыздың сырты жұқа. Көсем қарға тұмсығын суырғанда қарбыз суы атқылады. Қарғалар тағы шулай бастады. Қарқ, қарқ!
Атып тұрғам. Бес минут ұйықтадым ба, білмеймін. Білетінім, көп қарға бақша ішін еркін жайлапты. Түсімде көрген қарға да осында жүр. Пәлек арасында байлаулы бұзаудай жатқан ала қарбыздың үстіне сояудай тырнақты қадап, тұмсықты еркін салмақ.
Бажылдап жан даусым шықты. Қарғалар гүр етіп, бақшалықтан көтеріле берген еді.
Түскі бір мезгіл ұйқыдан соң атам келді. Басым салбыраңқы күйде тұрмын. Кінәлі едім. Атам ашуланбады. Бірге жүріп, қарға тиген қауын-қарбызды жинап алдық. Бәрібір ішіне ауа кеткен олардың іріп кететіні анық еді. Пәлекет қарғаның пісуге таяу қауын-қарбызды шоқығанын айтсаңшы. Қиярдай тұрқы бар түйнектерге мүлде жоламаған. Не керек, кешке өрістен келген жағал ешкі бастаған ұсақ мал туралған қауын-қарбызға әбден тойды.
Қарғаға әбден кектеніп, бақшаға жолатпауға бекіндім. Шыр айнала қорып, айқайлай тамағым да қарлыққан. Атам мына түрімді көріп, бақша сыртынан бір бау сораң шауып әкелді. Солай етті де, ашық жатқан барлық қауын-қарбыздың бетін сораңмен бүркемелей берген. Қасына келіп, көмектесе бастадым.
– Бәрібір, құрту керек. Әттең, мылтығым болса...
Осылай кіжіне бергенмін, атам бетіме қарап қалыпты. Бірақ, үндемеді. Екеуміз көрші Жәнет шал еккен талдың көлеңкесіне жайғастық.
– Балам-ай, оған ренжудің қажеті жоқ, – деді термосқа құйылған ашығанды бір жұтқан соң. – Қарға да Құдайдың жаратқаны. Оған да тамақ керек...
Атам әлі сөйлеп отыр. Шыпшыған маңдайын орамалмен сүрте сап, термелей сөйлейді.
– Бұлар өте ұйымшыл құс. Бірігіп тірлік етеді. Бірі азық тапса, екіншісін қарқылдап шақырады. Ата-бабаңның "қарға тамырлы қазақ", "қарға қарғаның көзін шұқымайды" деуі бекер емес. Мұнда туыстық қатынасты айтпаған. Бабаларың ежелден бір іске біріге қимылдауды сүйген. Бір-біріне жанашырлық қолдауы ғой. Қарғаны соған мысал еткен. "Қарға тамырлының" мәні сонда, балам!
Атам ашығанын тауыспай маған беріп жатып:
– Мынаны сарқып іш, қарғам, – деп үстін қаққан бойы тұра берген. Екі қадам аттаған соң маған бұрылып, "қарға сүйер баласын "аппағым" деп" әлдебір әуенмен ыңылдады.
Содан кейін қарғаға деген өшпенділігім біткен. Таспен де атқыламайтын болдым. Жай ғана үркітетінмін.
P.S. "Қолыма қарға тышар" деп ырымдайтын біздікілер табиғаттан тым алыстап кетпеді ме осы?! Қанша жерден жаратылысымыз артық болғанмен, табиғаттағы аң-құстан үйренеріміз көп. Әсіресе, "қарға тамырлық" жетіспейді бізге. Олар да бөлінеді. Аласы, қарасы, құзғыны. Біздің жүз, ру аталық сияқты ғой. Бірақ бір-бірінің "көзін шұқыған емес!"
Айтпақшы, кешеге дейін менің түсінігім қарғаның 300 жыл өмір сүретініне сеніп келген. Бекер екен. Құс ұзақ жасамайды. Қарға да солай. Орнитологтар оның 30-35 жыл жасайтынын әлдеқашан дәлелдепті ғой.
Ержан ҚОЖАС

28 тамыз 2020 ж. 708 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031