Жиен
– Балақай есімің кім?
– Ержан Серік
– Әкеңнің аты Серік қой иә, сонда Серікұлы деп жазайын ба?
– Серік – ол менің атам. Әкемнің атын жазбаңыз. Мен оны көрген емеспін. Әкем бар ма, жоқ па оны да білмеймін.
– Әкесіз бала болмайды ғой...
– Онда танысып қойыңыз. Мен әкесіз баламын.
Бұл Ержан алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәтте орын алған жағдай. Мұндай жағдай тым жиілеп кеткен соң таң қала да алмайсыз.
"Менің әкемнің кім екенін білмеймін", – дейді 16 жастағы Аяулым. Анам студент кезінде дүниеге келіппін. Тұрмыс құрмаған, жастық шақтың құрбаны болған көрінеді. Мен Алматыда өмірге келдім. Ата-әжем қызын білім алып жүр деп ойлады. Ал анам мені жетілдіру үшін оқудан шығып, жұмыс істеді. Сөйтіп аяқтан тұрды, әлі күнге жалғыз. Екеуміз ғана өмір сүреміз. Тастанды болғанымды сезінсем де маған әкенің керегі жоқ. Әкесіз де бақыттымын" дейді көлік ішінде құрбысымен сөйлескен бойжеткен. "Сонда әкеңді әлі көрмедің бе" деп таңырқап қарады құрбысы. "Кім екенін танимын, білемін де. Ол да мені біледі екен. Бірақ мен оған әке деп мейірленбеймін, ол да мені қызым деп жақын тартпайды. Бізді өмір ажыратты. Бауыр еті баласынан бездірді. Анама қиын күндерді бастан өткеруіне себепші болды. Мен әкемді ғана емес, бұл өмірді де жек көремін" дейді ішкі сырын құрбысына атқарған Аяулым. Көлік ішіндегілер ұйып тыңдап отырып қалыпты. Тіпті бір кісі аялдамасынан өтіп кетіпті. "Мені Құдай атты, аялдамам қайда еді өзі, жүргізуші бала, тоқтай ғой," – деді асығыс жол ақысын беріп жатып. Бір кезде "Қызым, болашағын әлі алды. Әкеңді жақсы көрмесең де, шешеңді сыйлап өт, айналайын. Саған ақ батамды бердім. Өмірін қиын болыпты, ендігіде бақыт қасыңнан табылады", – дейді.
"Бір ауылды жиендер басып кетіпті" деп бір кісі мырс етіп миығынан күліп еді. Айтатындайы бар екен. Қазіргі таңда барлық ауылда некесіз жиендер бар. Бұл бойжеткендердің ғана емес бозбалалардың да жауапкершілік сезінбеуінен болып тұр. Басты кінә – ата-анада. Бала тәрбиесіне көңіл аудармаған жағдайда тәртіпсіздіктің орын алатыны жасырын емес. Тіпті "бала қайда жүр, кіммен жүр" оны да білмейді. Бұрын қыз баланың жақын сырлас құрбысы жеңгесі болатын. Бүгінгі жеңгелерге де бір сырлас керек.