Әкімшілік әділет жүйесін жетілдіруге жасалған қадам
Қазіргідей жаһандану заманында билік мен қоғамның арасын жақындату арқылы үйлесімді мемлекет құруға болады. Билік әрқашан қоғам үніне жауап қатуы тиіс. Бүкілхалықтық, яки бүкілқоғамдық түйткілді мәселелер биліктің назарынан тыс қалмай, оны шешудің ортақ жолын табу – демократиялық мемлекетке тән қасиет. Сондықтан да, қазірде белсенді азаматтық қоғамды қалыптастыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін көтеру қажет. Бұл ретте азаматтардың құқықтары мен олардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтудің негізгі нысаны сот және құқық қорғау жүйелеріне айрықша реформаларды енгізу керек.
Еліміздің Ата Заңында мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның құқығы мен бостандығы деп көрсетілген. Ағымдағы жылдың 29 маусымында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі де жария-құқықтық дауларда азаматтарға артықшылық беруді мақсат еткен болатын. Аталған заң 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасын дайындау қажеттігін президентіміз өзінің алғашқы Жолдауында атап өткен еді. Әкімшілік әділетке жария-құқықтық дауларды қараудың мықты механизмі деп баға берген Қасым-Жомарт Кемелұлы қарапайым азаматтардың мемлекеттік орган секілді бірегей пәрменді құрылымға қарсы тұра алмайтынына назар аудартып, мәселені заңдық тұрғыда шешуді құзырлы органдарға тапсырған болатын.
Мемлекеттік орган мен жеке және заңды тұлғалар арасында дау туындағанда басымдықтың қай жақта болатынын айтып, болжам жасаудың керегі жоқ. Мемлекеттік органның алып күш, бірегей институт екені түсінікті. Сондықтан аталмыш құжатта осы теңсіздікті жоюға қадам жасалған. Әрі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс шеңберінде енді мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалар әрекетіне шағым түсіре алмауы да оңды өзгеріс дер едік. Бұған қоса, жария-құқықтық дауларда азаматтардың бұрынғыдай өзінің позициясының дұрыстығын дәлелдеуі де алынып тасталды.
Жалпы, мемлекеттік органның жұмысы да, ондағы қызметкерлер де мінсіз емес. Алайда, бұған дейінгі тәжірибе көрсетіп отырғандай құзырлы органның кемшілігін көрсетіп, әрекетсіздігін баяндап шағымданғандардың өз құқығын қорғап, арызын дәлелдеп, жеңіп шыққан кезі сирек. Осыған орай, президент мемлекеттік орган мен азаматтар арасындағы дауда дәлелдерді жинау ғана емес, сол дәлелдердің шынайылығына жауаптылықты да құзырлы орындарға жүктеу керектігін, сондай-ақ, заңнамадағы түсініксіз, бір-біріне қайшы тұстар азаматтардың пайдасына шешілуі тиістігін қадап айтқаны құптарлық. Осының өзі бұл Кодекстің халықтық заң, ел мүддесін қорғайтын құжат екенін дәлелдейді.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстегі тағы бір оң жаңашылдық – судья құзыретіне қатысты. Соған сәйкес, жаңа заңнаманы негіз еткен қазылар мемлекеттік органдар мен жеке азаматтар әкелген дәлел-дәйектерді қанағат тұтып отырмайды. Қажет еткен жағдайда судья істі нақтылауға көмектесетін дәлелдерді, құжаттарды қосымша сұратып, дәйектер толық емес деген жағдайда өз бастамасымен оларды жинатуға құзырлы. Бұл да қарапайым азаматтар құқығын мінсіз қорғаудың бір тетігі.
Нұрлан Еламанов,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы