Заңға өзгеріс енгізілді
Облыс әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық соттың ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы аясында заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде брифинг өтті.
Брифингті облыстық соттың судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші Шолпан Мәлікова, қалалық мамандандырылған әкімшілік соты төрағасының міндетін атқарушы ГүлмираЫсқақова, №2 сотының судьясы Күмісбай Көсекейв жүргізді.
Жиында Ш.Мәлікова биылғы жылдың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірнеше заңға қол қоюымен басталғанын айтып өтіп, 2019 жылдың 27 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын түсіндірді.
Брифинг барысында әкімшілік соттың төрағасының міндетін атқарушы Г.Ысқақова Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды айтып берді. Ол өз сөзінде ұсақ бұзақылық және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып соғу әрекеттері бойынша жаза жеңілдетілсе, ал жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқаруы бойынша жазаның қатаңдағанын, яғни бұл санаттағы істер бойынша құқық бұзушылар бұрын тек 3 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылса, енгізілген өзгерістерге сәйкес 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы белгіленгенін айтты.