» » Журналистиканың жүгі ауыр

Журналистиканың жүгі ауыр


Қызылордада журналистердің аяғына оратылатын кедергі аз емес. Ақпарат алудың қиындығы, кадр даярлаудағы кемшілік, маман тапшылығы – осылай жалғастыра беруге болады. Өзекті мәселелерді БАҚ өкілдері облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен кездесуде көтерді.

Аймақ басшысы алдымен Конституция күнімен құттықтап, елдің өсіп-өркендеуіне Ата Заңымыздың ықпалы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, коронавирус инфекциясы жөніндегі статистикаға тоқталды. 27 тамызға дейін 3231 адам ауру жұқтырса, соның 93 проценті емделді. Эпидемиологиялық ахуал жақсарды. Алайда, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы күзде індет қайта өршуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Сақтанған адам сау жүрер. Карантин талабы біртіндеп жеңілдетілгенімен, ауырмаудың жолы – қарапайым амалдарды атқаруды тоқтатпау керек.

– Бүгінде іс-шаралар жоспары әзірленуде. Дәрі-дәрмек резервін қалыптастыруға 350 млн теңге қаралды. Қажеттілікке қарай 21 инфекциялық және провизорлық объект дайын. 200 төсек-орынды қамтитын инфекциялық аурухана құрылысы басталады. Денсаулық сақтау министрлігінен өкпені жасанды жолмен желдететін 96 аппаратты күтіп отырмыз. Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 4 флюроаппарат пен 4 стационарлы рентген сатып алынады, – деді облыс әкімі.Қазалы, Шиелі аудандарында, Қызылорда қаласында оттегі станциялары салынады. Соның 2-нің құрылысы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз», «ҚазГерМұнай» компанияларының демеушілігі негізінде жүзеге асырылады.

Карантиндік шектеуден кейін экономиканы қайта қалпына келтірудің өзектілігі артатыны белгілі. Осы орайда облыс әкімі жол жөндеу, су, жылу жүйесін жаңғырту, энергиямен қамту, жаңа жұмыс орындарын құру, ауыл шаруашылығын, әлеуметтік саланы дамыту бағытындағы бастамаларға тоқталды.Елдің барын бағалап, жоғын түгендеуде журналистиканың көтеретін жүгі ауыр. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында да әріптестеріміз әлемді алаңдатқан ахуал туралы ұдайы ақпарат таратып, пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрді. Сонымен қатар, ақпарат құралдары – Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың бірден-бір тетігі.Бүгінде облыста 101 БАҚ бар. Оның 12-сі – мемлекеттік, қалғаны – тәуелсіз. Барлығында 2,5 мыңнан астам адам еңбек етуде.

– Нақты және жедел ақпарат таратуды мақсат еткен, заман талабына сай дамудың даңғыл жолын таңдаған саланың әлеуеті жоғары. Оны пандемия уақытында анық байқадық. 17 тамыздан бастап Қазақстан карантин талаптарын біртіндеп жеңілдетуге көшті. Бірақ сақтық шаралары жалғасады. Мұны халыққа сіздермен бірге жеткізуге тиіспіз, – деді аймақ басшысы.Республикалық, жергілікті телеарналар мен баспа басылымдарының басшылары, тілшілер көкейдегі мәселелерге көңіл бөлді.Ақпарат алудағы қиындық тілші қауымына ортақ. «Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы» ЖШС құрылтайшысы Шаһизада Әбдікәрімов көптеген мекемеде ашықтық пен жариялылық жоқ екенін сынға алды.
– Қандай да бір проблема туралы жазба немесе сюжет дайындағанда қос тараптың да үніне құлақ асқымыз келеді. Алайда, құзырлы орындардың басым бөлігі түсініктеме беруден қашады. Сондықтан департамент, басқарма және әкімдіктердің паблик рилейшнз қызметін жетілдіретін уақыт жетті. Олар бізбен тұрақты байланыс жасап, халықтың мәселесіне дер кезінде үн қосып отыруы қажет, – деді Ш.Әбдікәрімов.

Тілшілермен тікелей араласатын баспасөз хатшылары бірен-саран мекемеде жұмысын жақсы жолға қойған. Көп мекеме осылардан үлгі алуы тиіс. Журналистер өзінің басты қорегі – ақпаратқа қолжетімділік мәселесінің өзектілігін кездесуде ашық жеткізді.Одан бөлек, республикалық «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы тәуелсіз БАҚ өкілдеріне мемлекеттік тапсырыс беру мәселесін көтеріп, онлайн платформалар арқылы сала басшыларының журналистермен кездесуін ұйымдастыруды, ортақ мәселелерді талқыға салатын кері байланыс тетіктерін іске асыруды сұрады.

– Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруда тәуелсіз БАҚ-тың да орны ерекше. Алайда, көбіне қаржылай қолдаудан құр қалып жатады. Сондықтан оларды теңдей көріп, іс-шаралар жоспарына қосса дұрыс болар еді, – деді Н.Көбегенұлы.

«Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбек маман даярлау мәселесін қайта қарауды, сала ардагерлері мен осы салада тер төгіп жүрген тілшілер қауымын ынталандыру бағытында түрлі шаралар өткізуді ұсынды.Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев егіс алқаптарындағы су тапшылығы проблемасын алға тартып, тіршілік нәрін үнемдеу мәселесіне айрықша назар аударуды сұрады.
– Су тапшылығы жөнінде мамандар 2 жыл бұрын дабыл қақты. Сол кезде 1000 гектарға жуық күріш шықпай қалып, диқандардың еңбегі зая кетті. Бірақ әлі күнге егін шаруашылығын әртараптандыруға мән берілмей отыр. Сала құрылымдары басты дақыл көлемін шектеу туралы тапсырманы айналып өтуге тырысады, – деді ол.Өзекті сауалға өңір басшысы нақты жауап берді.– Су тапшылығы егін шаруашылығына әсер етпей қоймады. Мұны біз білеміз. Осы жағдайды ескере келе, ауыспалы егіс жүйесіндегі күріш көлемін 75-80 мың гектарға тұрақтандырып, мал азығы түріндегі дақылдар көлеміне басымдық беруді көздеп отырмыз, – деді облыс әкімі.

«Qazaqstan» ұлттық арнасының тілшісі Әділбек Жақанов жол салудағы кемшіліктер туралы айтты. Өйткені кеше ғана жөнделген немесе қайта салынған жол көп ұзамай ой-шұңқырға айналып, тұрғындардың сынына ұшырайтын жағдайлар аз емес. Әріптесіміз сонымен қатар қауіпті індет тұсында балалардың қауіпсіздігі үшін білім ошақтарына дезинфекциялық дәліз орнату мәселесін ортаға салды.
Бұған облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова жауап берді.

– Залалсыздандыру құралдарын сатып алуға үнемделген қаржыны бағыттадық. Ата-аналар мен мұғалімдерден ақша жиналмайды, – деді ол.
Облыс әкімі ақпараттық қолжетімділікке қатысты әрбір ұсынысты саралай келе, тиісті сала басшыларына осы бағытта жұмыс жүргізу алгоритмін бекітуді тапсырды. Сондай-ақ, БАҚ өкілдерімен емен-жарқын кездесу шаралары өтіп тұратынын жеткізді.
29 тамыз 2020 ж. 202 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031