«Nur Otan» хатшысы кандидаттармен кездесті
Kyzylorda-news.kz.Сыр өңіріне келген «Nur Otan» партиясының Хатшысы Арман Қырықбаев өңірлік партия филиалының партияішілік іріктеуге дайындығын пысықтап, арнайы есеп комиссиясы мүшелері және кандидаттармен кездесті.
Әуелі Жаңақорған ауданында болып, жария пікір-сайыс орындарының үміткерлерге қолайлылығы, дауыс беретін орындардың сақадай сай екендігіне көз жеткізді. Одан әрі облыстық перинаталдық орталығында орналасқан Қызылорда қалалық партия филиалына қарасты «Ана мен бала» бастауыш партия ұйымында болды. Партияның ядросы болып табылатын ұйымның мүшелерімен пікірлесіп, олардың партияішілік бәсекелестікке көзқарастарын білді. Ана мен баланың денсаулығына араша түсіп жүрген ақ халаттылардың еңбегіне партия басшылығы атынан ризашылығын білдірді.
«Өздеріңізге белгілі әлемді шарпыған коронавирус инфекциясы ешкімді бейжай қалдырмады. Осындай сын сағатта бірінші кезекте ақ халатты абзал жандар өзгелердің өмірі үшін аянбай күресті. Әлі де күресіп келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз адал. Сіздер арқылы өңірдің барша дәрігерлер қауымына партия басшылығы атынан ризашылығымды білдіремін»,- деді Арман Қырықбаев.
Партияішілік іріктеуге тіркелген кандидаттар 7 қыркүйектен бастап үгіт насихат жұмыстарын бастап кетті. Үгіт жұмыстарының ең бір маңызды әрі барлық кандидаттар үшін міндетті болып табылатын қадамының бірі жария пікір-сайыс.