ВЕТЕРИНАРИЯ: тұрақтылықты сақтау қашанда маңызды
Аймақта эпизоотиялық ахуал тұрақты. Оны сақтау мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруға республикалық бюджет есебінен 5544,3 мың доза ветеринариялық препараттың 99,6%-і уақытылы жеткізілген. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өткен жиында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов баяндады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов та қатысып, өңірдегі ветеринариялық эпизоотиялық іс-шаралардың атқарылу барысын сөз етті.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірде 57,2 мың бас ірі қара, 245,3 мың бас уақ мал, 16,5 мың жылқы, 8,1 мың түйе, 962 шошқа бірдейлендіріліп, дерекқор жүйесіне енгізілді. Ал облыс бойынша дерекқор жүйесінде 356,1 мың бас ірі қара, 809,3 мың бас уақ мал, 155,2 мың жылқы, 54,2 мың түйе, 2 мың шошқа тіркелген.
– Бұған дейін бәсекелес ортада болғандықтан, мал дәрігерлері тек вакцина жұмыстарын жүргізіп келді. Ендігі жерде емдеу, залалсыздандыру бойынша ақылы қызмет көрсететін болады. Аймақта мамандар тапшылығы жоқ. Дегенмен, еңбекақыны уақытылы алмау мәселесі кездесті. Бұл да өз шешімін табуда. Қазіргі таңда күзгі мал қораларының механикалық тазалану және ауыл шаруашылығы жануарларын залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, өңірімізде аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмей, эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отыр, – деді басқарма басшысы.
Жиында облыс әкімі мал ауруларының алдын алуға орай қажетті қаражат бөлінгенін айта келе, орынбасары мен басқарма басшысына нақты тапсырмалар жүктеді. Олардың қатарында, екпелер мен емдеу шараларын уақытылы жүргізу, құс ауруының алдын алу, тиісті шараларды қабылдау мәселесі бар. Сонымен қатар, облыс әкімі ветеринариялық станциялардың сын көтермейтінін айтып, талапқа сай жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Оған қоса ветеринар мамандардың жалақы мәселесін шешіп, жұмыста тұрақтылықты қамтамасыз ету керектігін ескертті.
Айта кетейік, басқарма тарапынан типтік жобадағы мал қорымдарын салдыру мақсатында тиісті жұмыстар да ұйымдастырылуда. Бүгінгі күні облыста типтік жобадағы 83 мал қорымы бар. Биыл тағы 7 мал қорымы салынады. Оның 5-і Арал ауданында, 2-і Жалағаш ауданында.