» » Төрлет, Жаңа жыл!

Төрлет, Жаңа жыл!

Наурызнама
 Жыл қайыру бойынша, міне, Ит жылы кірді. Халқымызда ит жеті қазынаның бірі деп саналса, ал жылы ауыртпалықты артқа тастайтын, береке-бірліктің бастауы деп бағаланған.
Шүкір, жыл сайын Жаңа жылды қарсы алуда – Наурызды тойлауда ілгерілеушілік байқалады. Бұған дейін 22-сінде бір-ақ күн тойлаймыз, онда да киіз үй тігіп-жығып, шаршап-шалдығып қайтамыз деуші еді біраз ағайын. 2016 жылы он екі мемлекеттің ұсынысымен Наурызды тойлау дәстүрі ЮНЕСКО көлеміндегі адамзаттың материалдық емес мұрасының репрезентативті тізіміне енді де, елімізде 21, 22, 23 наурыз ресми демалыс күні деп жарияланды. Одан соң Наурызды тойлаудың жөн-жосығы талқылана бастады. Ұтымды ұсыныстар уақыт таразысына түсіп, бүгінде еліміз бойынша наурыздың 14-інен бастап 22-сіне дейінгі тоғыз күн арнайы тақырыптармен тойланып жүр. Кешегі отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлаған бабалар дәстүрін бүгінгідей диірменнің тасындай шыр көбелек айналған уақытта айна-қатесіз қайталау қисынсыз әрине, бірақ соның бір бөлшегіндей бас-аяғы тоғыз күн тойлауымыз ақылға қонымдырақ көрінеді. Биыл бисмилла деп қыс жұлдызы бітіп, жаз жұлдызы туған Көрісу күнін жалпыхалықтық мереке ретінде атап өттік. Той дегенде бұл ас ішіп, аяқ босату емес, Жаңа жыл қарсаңындағы жалпыхалықтық тазалық айлығын да тұтас қамтитынын айту ләзім.
Енді жаңа жылын шакараны жауып қойып тойлайтын біраз елдің үлгісімен әз-Наурызды 9 күн шекарасын жауып тойлайтын тұңғыш мемлекет ретінде тарихта қалсақ қайтеді деген ұсыныс күн тәртібінде тұр. Бұл ұлттық мерекеге деген құрмет пен сүйіспеншілік болар еді. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейінгі «Наурыз мерекесі қаңтардағы жаңа жылдың тасасында қалып қойды» деген сыңарезу пікірдің күлін көкке ұшырар еді. Бұның да ауылы алыс емес сияқты.
Қазір бір жылда жаңа жыл бір-ақ рет тойлану керек деген ұсынысты әзербайжандықтар батыл айтып жүргені белгілі. Осыдан 9 жыл бұрын наурыздың 22-сінде «Астана-Бәйтерек» алаңында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Жаңа жылды 1 қаңтарда атап өтуді І Петр патша Ресейге Еуропадан алып келсе, одан бізге жеткен. Қытайдың өзінде бұл мереке ақпанның ортасына таман бір апта бойы тойланады. Шығыс халқының барлығында дерлік солай. Түбінде біз де өз мерекемізге оралатын шығармыз. Бұл – халықтығымыздың, тәуелсіздігіміздің негізгі тамырының бірі» деп еді. Рухани жаңғыру – рухтың тірілуі – тамырымызға оралу. Лайым Қазақ елінің жұлдызы жарқырап, Тәңірі тілегіне жеткізгей!                             
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ                                           
22 наурыз 2018 ж. 2 137 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031