"Полицияның жас көмекшілері" отряды жаңа құраммен толықты
Өткен аптада №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатында Қызылорда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Полицияның жас көмекшілері» отрядының І – облыстық форумы өтті. Шара «Менің елімнің болашағы – менің қолымда» атты құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған облыстық шығармашылық көрмесінен бастау алды. Белсенді жастар «Полицияның жас көмекшілері» отрядының құрамына қабылданып, төсбелгі тақты. Шараға жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Нағметов, есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға инспекторы Есалы Бектасов, қала және аудан мектептерінен 80-ге жуық мектеп оқушылары қатысты.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақзира Бақтыбайқызы форумның мақсатына тоқталды.
– «Полицияның жас көмекшілері» отрядының қызметі 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктері әзірлеген полияция жас көмекшілері жасақтары қызметінің әдістемелік ұсынымдарына сәйкес құрылды. Осы уақыт аралығында өңірде құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында біршама жұмыстар атқарды. Мақсаты –жастар жұмысын жандандыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу және құқықтық сана-сезімін арттыру, – деді А.Қасымова.
Облыста «полицияның жас көмекшілері» жасақтарының қызметі жалпы 207 мектепте құрылып, қазіргі таңда 3 мыңға жуық мүшесі бар. Жас патриоттар өз жұмыстары барысында ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, достарының арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында түрлі шараларды жүйелі жүргізіп келеді.
Шара барысында «Жас құрылысшылар» жасағының жетекшісі Сәдірбек Жұмабеков «Жас құрылысшылар» отрядың белді мүшесі, балалар үйінің түлегі қазіргі таңда Америка құрама штатында дәріс алып жүрген Далиев Қуаныштың қазақтың қара домбырасымен өрнектелген жалынды сәлемін жолдады. – 2013 жылдан бастап облыстағы жас құрысшылар еңбек жасағын басқарамын. Осы аралықта балалар үйінің түлектерін, әлеуметтік топтағы түрлі 1500-ге жуық жас жұмыс атқарды. Өткен еңбек маусымында 316 жас жұмыспен қамтылды. Бұндай бастама алдағы уақытта өз жалғасын табады», – деді С.Жұмабеков.
Форум соңында ұйымдастырушылар "Біз жемқорлыққа қарсымыз" тақырыбында үздік эссе, фотосурет, плакат байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА