Аралды құтқару қорына 25 жыл
Бүгінде Арал өңірі үшін өмірлік маңызы бар САРАТС жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру басталып кетті. Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жылдығы және «Арал теңізі күніне» арналған шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осылай мәлімдеді.- Халық «ғасыр жобасының» жалғасына үлкен үміт артып отыр. Бұл Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсартуға, балық шаруашылығын дамытуға әрі халықтың тұрмыс-тіршілігін түзеуге сеп болмақ. Бір жағынан, теңіз Арал қаласына жетеді.
- – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мемлекет басшысының алдында Қызылорда облысын тарату және Арал халқын көшіру туралы екі құжаттың жобалары жатты. Алайда, Алашқа ана, талайға пана болған Сыр өңірінің тарихын сыйлап, болашағына сенген Елбасы Аралды сақтап қалу мақсатында САРАТС («Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау») жобасы мен облысты таратпау жөнінде тарихи шешімдер қабылдады. Мұны саяси әрі экономикалық тұрғыдан көрегенділікпен қабылданған шешім деуге әбден болады, – деді аймақ басшысы.
- «Ғасыр құрылысы» аяқталып, Көкарал бөгеті пайдалануға берілгелі Аралдағы ағайынның тіршілігіне қан жүгірді. Теңіз жағалауы аудан орталығына 100 шақырымнан 17 шақырымға жақындады. Елең-алаң шақта тұрмыс түйткілімен Каспий, Балқаш, Алакөл мен Қапшағайға көшіп кеткен өңір балықшылары елге оралып, ата кәсіптерімен қайта қауышты.
- Адамзат тарихындағы аса ірі экологиялық зардаптардың бірі – осы «Арал дағдарысы». Оның зардабын Арал теңізі бассейнінде өмір сүретін 35 млн адам тартып отыр. Тоқсаныншы жылдарға қарай теңіз деңгейі 22 метрге төмендеп, су көлемі 10 есе шамасында кеміді. Судың тұздылығы 70 г/литрге жетіп, Арал «өлі теңізге» айналды. Көп жерде өзінің ескі жағалауынан 100-150 шақырымға алыстап кеткен.
- – Әмудария мен Сырдария өзендерінің бассейндерінде суғару-мелиоративтік жұмысы әлі күнге дейін жалғаса бергенде ХХІ ғасырдың басында Арал теңізі толық жойылар еді. Өкінішке қарай, теңізді толықтай қалпына келтіру мүмкін емес. Күрделі экономикалық жағдайларға қарамастан Қазақстан бөлігі Арал теңізінің проблемаларын назардан тыс қалдырмай, ұдайы көңіл бөліп отырды. Нәтижесінде Арал балығымен мақтана алатындай берекелі, құтты мекенге айналды, – деді облыс әкімі.
- Ширек ғасырда өңірдің әлеуметтік-экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылды. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар ХАҚҚ-ның араласуымен одан әрі қарқынды түрде жалғасады.
- Шараға Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының мелиорация және су шаруашылығы экс-министрі Нариман Қыпшақбаев, балық шаруашылығының экс-министрі Құдайберген Саржанов, Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев, ХАҚҚ Қазақстандағы атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекнияз және басқа сала мамандары қатысты. Бұрынғы мелиорация және су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев көпшілікті Арал теңізі күнімен құттықтады. Тартылған теңіз мәселесі Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіретінін айтып, Орталық Азия елдерін экологиялық проблеманы бірлесе шешуге шақырған Елбасының ролін жоғары бағалады.
- Сондай-ақ, осы күні Арал теңізін құтқару және сауықтыру бағытындағы ауқымды жұмысқа зор үлес қосқаны үшін бірқатар азаматтар, су шаруашылығының ардагерлері облыс әкімінің алғыс хатымен, қор төсбелгісімен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Шара соңында көршілік назарына режиссер Сергей Әзімовтің Арал теңізінің көз алдымызда жойылуының ащы шындықтарына негізделген «Жоқтау...Жиырма жыл өткенде» деректі фильмі ұсынылды.
- Назерке САНИЯЗОВА,
- «Сыр бойы».