» » БАЛЫҚШЫЛАРДЫҢ ДӘСТҮРЛІ СЛЕТІ ӨТУДЕ

БАЛЫҚШЫЛАРДЫҢ ДӘСТҮРЛІ СЛЕТІ ӨТУДЕ

Кешеден бері Арал ауданы Қамбаш көлі жағасында балықшылардың IV-слеті өтіп жатыр. Айта кетейік, ұзақ жылдан бері ұмыт бола бастаған игі бастама осыдан 3 жыл бұрын қайта жанданып, 2015 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіле бастады. Оған жыл сайын еліміздің әр аймағынан су маржанын сүзген балықшылар қатысып келеді. Ауқымды шара балықшылардың өзара тәжірибе алмасуына жол ашады.
2017 жылы ел Үкіметінің шешімімен балықшылардың кәсіби мерекесінің күні шілде айының 2-ші жексенбісі болып бекітілген болатын.
Слет – елордамыз Астананың 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналып өткізілуде және балықшылардың өткені мен бүгінгісін саралап, алдағы міндеттерді белгілеу және осы саладағы ардагерлер мен балықшылардың еңбек жолдарын жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында жасалуда.
Кіші Аралды сақтап қалу мақсатында дүниеге келген САРАТС жобасының алғашқы кезеңі Арал теңізін жағалай қоныстанған халықтың әл-ауқатын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып қана қоймай, тоқырауға ұшырай бастаған балық шаруашылығына дем берді. Осылайша, САРАТС жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуының нәтижесінде Кіші Арал теңізі суға толып, балықтың 23 түрі теңізге оралды. Нақты кезеңде соның 14-і кәсіби аулау (промысловый) деңгейіне жетті. Бүгінгі таңда Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені және жергілікті маңызы бар 203 су айдынынан жылына 8 мың тоннаға дейін балық аулануда. Облыс бойынша ауланатын балықтың 95 пайызы Кіші Арал теңізінен үлесінде. Бүгінде балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсті.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы 3410 тонна сыр балығы  Ресей, Польша, Грузия, Әзербайжан, Дания, Германия мен Өзбекстанға жөнелтілген екен. Ал биылғы 6 ай ішінде 2 440 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды. Өткен 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, экспорт көлемі 25 процентке артып отыр. Биыл балық өнімі жөнелтілетін мемлекеттердің қатарын Голландия және Қытай Халық Республикасы толықтырды. Соңғы 5 жылда балық өнімдерінің экспортының көлемі 5 есеге өсті. Айта кетейік, бүгінгі таңда Кіші Аралда балықтың 20-дан астам түрі бар. Ал экспортқа көксерке сүбесі, қатырылған және тоңазытылған торта, табан балықтары шығарылып келеді.
Балық өңдеу саласында да айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Нақты кезеңде Қызылорда облысында 8 балық өңдеу зауыты бар. Балықшылар, балық өңдеу зауыттарының жұмысшылары, тасымалдаушы, сатушыларды қоса есептегенде аймақта 3 мыңдай адам аталған салада еңбекпен қамтылған. Мысалы, 2013 жылы 4 зауытта шамамен 80-100 адам жұмыс істесе, қазіргі күні мұндай кәсіпорындар саны еселеніп, көрсеткіш 500-ден асты.
Биыл өңірдегі балық зауыттарының қатары тағы бір кәсіпорынға артпақ. Өйткені, Арал қаласының индустриялдық аймағынан «Аквакультура ЛТД» ЖШС тағы бір балық өңдеу зауытын салып жатыр. Аталған нысанды жыл аяғына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Сол кезде қосымша 50-60 адамға жұмыс табылады. Бастысы, балық өңдеу зауыттарының барлығы еуропалық сапа талаптарына жауап береді.
Нақты кезеңде облыста тауарлы балық өсіретін 10 шаруашылық жұмыс істеп тұр. Былтырғы жылы олар 107 тонна тауарлы балықты нарыққа шығарды. Ал биыл бұл межені 130 тоннаға жеткізу көзделген.
Теңіздің тірілуімен жанданып сала берген атакәсіпті алға жылжыту бағытындағы мұндай шаралар жалғаса түспек.
13 шілде 2018 ж. 1 104 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031