Тарих толқынында
Туған өлке тарихындағы маңызды тарихи-мәдени мұрамызды сақтау, дамыту және оны өскелең ұрпаққа таныту мақсатындағы «Тарих толқынында» атты тарихи-танымдық экскурсия ұйымдастырылып келеді. Өткен аптада экскурсия құрамы Шиелі, Жаңақорған ауданының тарихымен танысса, осы аптада Арал ауданында жалғасты.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өткен экскурсияға «Рухани жаңғыру» орталығының мамандары белсене атсалысты. Экскурсиялық топ әуелі Арал аудандық тарихи-өлкетану мұражайындағы өлке тарихына қатысты тарихи-саяси маңызды оқиғалармен, аудан тарихының дамуына елеулі үлес қосқан тұлға өмірімен танысып, Арал теңізінде өмір сүрген балықты, аң-құсты көріп, балықшылар қолданған құрал-сайманды тамашалады. Аудандық мектеп оқушыларынан құралған саяхатшылар одан әрі Ақирек тауында орналасқан Арыстан бабқа зиярат етіп, аңыз-әңгімелерін қызыға тыңдады.