«Zetа» сауда үйіне қасақана өрт қойған адам ұсталды
Қарағандыда 15 шілде күні жиһаздары мен кеңсе заттары өртеніп кеткен «Zeta» сауда үйін өртеген күдікті құрықталды . Бұл жайлы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі мәлім етті.
Еске салайық, 15 шілдеде Қарағандыда «Zeta» жиһаз дүкені өртке оранып, 350 шаршы метр аумақтағы тауарлары жанып кеткен болатын. Дүкеннің басшылығы болса сауда үйіндегі бейнекамераға түсіп қалған қаскөйлердің видеосын жариялап, оларды табуға көмектескен адамға 5 млн теңге көлемінде сыйақы беретінін айтқан болатын.
Қарағанды облыстық Ішкі істер органдарының қызметкерлері сауда орталығына өрт қойды деп күдікке ілінген адамды құрықтағандықтарын айтты.
Жиһаз дүкені иесінің айтуынша, өрт салдарынан кәсіпкерге 70 миллион теңгеге аса шығын келген.«Zeta» жиһаз дүкеніне өрт қою арқылы өзгенің мүлкін қасақана жой фактісі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 202-бабы бойынша іс қозғалған. Бүгінгі таңда күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу барысында сараптамалар тағайындалды. Қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», - дейді Қарағанды облыстық ІІД-нің баспасөз xатшысы Бақытжан Құдияров.