Қазақстан чемпионын қағып кеткен көлік жүргізушісі ұсталды
Қостанайда 15 жасар мектеп оқушысы Владимир Беленикинді қағып кеткен көлік жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жәбірленушінің әкесі Александр Беленикиннің сөзінше, күдікті кеше сағат 23:00 шамасында қолға түскен. «Бізге тәртіп сақшылары хабарласып, баламды соққан жүргізушінің табылғанын айтты. Күдікті көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін куәгерлер байқап қалған. Қазір күдіктіге қарсы тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Маған кеше жан-жақтан 600-дей адам хабарласып, көмектерін ұсынды. Олардың көбін танымаймын. Барлықтарыңызға алғыс!» - деді Александр Беленкин агенттік тілшісіне. Еске салсақ, 24 сәуір күні сағат 08:30 шамасында 15 жасар мектеп оқушысы Владимир Беленикинді көлік қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан. Айта кетейік, жәбірленуші В.Беленикин панкратионмен кәсіби түрде шұғылданады. Ережесіз жекпе-жектен Қазақстан чемпионы деген атағы бар.