Келіндер киносы: Мен көремін, сіз ше?
Астана арнасынан келіндер киносы көрсетіледі. Әр сериясы өмірден алынған секілді. Өмірдің ащы шындығын көрсетіп қоймай, тығырықтан шығуға жол сілтейді.
Бір отбасында үш келін тұрады. Енесі Шіман апаның рөлін – Ерболат Төлеген сомдайды, үлкен келіні Құралайды – Жұлдызай Дүйсембиева, Данэляның рөлі – Индира Елемеске, Сәулені – Мереке Бауыржанқызы ойнайды. Осылайша фильм ене мен келін арасындағы байланысты көрсетеді. Бір үйді бір келін сыймай, ұрсып төркінге кетіп жатса, Шіман апа үш келінді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Үйде бәріміз тапжылмай көреміз. Өзіме футболға ақша тігіп ойнайтындарға арналған сериясы ұнаған. Немересі үйіне білдірмей футболға ақша тігеді. Одан қалды үш ұлы да – футболдың жанкүйері. Ал үлкен келіні Құралай қоярда қоймай, енесінің зейнетақысынан 30 мың алып, футболға тігіп жібереді. Мақсат – үстінен пайда табу. Мессиге тіктім деп басқа командаға салып жібереді. Футбол теңбе-тең болады. Ақша қайтарылмайды. Енесі азық-түлік алатын ақша еді. «Мессиге телефон шалып, шындықты айтсақ, қайтаратын шығар» дейді. Қайдағы...
Фильмнен әркім өзін-өзі таниды. Содан соң қандай қателікке бой алдырғанын түсінеді. Осылайша адамға ой салады. Отандық фильмдер жиі түсірілуде. Кейбірінің мән-мағынасы жоқ. Тіпті балалармен көруге ұялатын кинолар да бар. Оның қасында «Келіндердің» берер тәрбиесі, өнегесі көп. Ұлттық салт-дәстүрді жас ұрпақ бойына сіңіретін фильмді қолдар едік, көрер едік. Әрине келіндер секілді болса...