КЕЛІНДІ «КЕЛСАП» ҚЫЛАТЫН КІМ?
«Жақсы келін – келін, жаман келін – келсап» дейді қазақ. Сол келінді келсап қылатын кім? Үйдегі ене ме? Әлде тәрбие бере алмаған шеше ме? Соңғы кезде шаңырақ көтерген жастардың арасында ажырасқандар көбейді. Соның бір ұшы ене мен келін арасында келіспеушілікке, жанжалға тіреледі. Оған қоса, ене мен келін арасындағы дау-дамай, ұрыс-керісті әлеуметтік желіге жайып салу сәнге айналды. Шаңырақтың берекесін арттыратын ене мен келін арасындағы өте нәзік байланыс неге үзілді?
Шыны керек, босағаны жаңа аттаған жас келіннің қай-қайсысы болмасын «шаңырақтың шырқын бұзайын» деген ниетпен келмейді. Сол әулеттің берекесін арттырсам дейді. Алайда келін түсіріп, қолы ұзарған ененің «келіннің міндеті осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығу», «мен айтамын, сен істейсің» дегендей бұйрық беріп жұмсауы бірте-бірте келіннің тілін ұзартып, мінезін шығарады. Осы ретте енелер ұмытқан басты қағида не? Келін – өзге отбасының тәрбиесімен бойжетіп, жаңа ортаға түскен бөтен адам. Оған өзі түскен шаңырақтың тәртібі мен талабы таңсық. «Нені, қалай істеймін?» деген қорқыныш пен үрей басым. Сондықтан жас келінге бұйырмай, зекімей жылы-жылы сөйлеп, жақсы жағын мақтап, үнемі елеп-ескеріп отырса, ағайын-туыстың көзінше ілтипат танытса, келіннің де жақсы қызмет қылсам деген құлшынысы арта түседі.
Келінді де бөле-жармай бірдей үйдегілермен сыйлық алуды әдетке айналдыру – отбасындағы құрметті арттыра түседі. Себебі сыйлық беру – сүннетте де құпталады. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с) «Бір-бірлеріңмен (шынайы) қол алысыңдар, іштеріңдегі кекшілдік жойылсын. Бір-бірлеріңе сый-сияпат жасаңдар – сүйіспеншілік артсын және араларыңдағы көре алмаушылық жойылсын» деген. Отбасында кикілжің туа қалса, келінді жақтау, қорғаштау – ененің міндеті. Ененің өзі де барған жерінде ешкімді өсектемей, ғайбаттамай жамандық атаулыдан тыйыла отырып, осы әрекеті арқылы келінді тәрбиелейді. Келіннің білмегенін үйретіп, жасай алмағанын көрсетіп, «айналайын» деп басынан сипап, мейірімділік таныту – ененің де мерейін өсіреді. Мұнайда алтын енелер «қызым саған айтамын, келінім, сен де тыңда» деген тәсілді ұтымды қолданған. Себебі ағашты бір жерден бір жерге көшіргенде де құнарлы, сулы жерді таңдап, ерекше күтіммен қараған. Сол сияқты ене де келінге бар ілтипатпен қараса, «ананы істе, мынаны жаса» дегеннен гөрі, сол отбасының дәстүр, әдеттерін рет-ретімен үйретсе – сонда әулеттің қазанын ұстап, отын жағатын, елге сыйлы келін шығады. Келінді жақсы келін ету де, «келсап» қылып шығару да – ененің тәрбиесінде.
Арай РАХЫМ