ИНОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖЕҢІМПАЗЫ
Кәсіпкерлер палатасында сұранысқа ие жобалардың бірі – «Бизнес-кеңесші» оқу курсы. Өткен жылдың өзінде аталған курс аясында 800 адамды оқыту міндеттемесі жүктеліп, нәтижесінде 1555 қызылордалық кәсіп ашудың қыр-сырына қанықты. Биыл да бұл көрсеткіш ұлғайып, 1773 азамат оқытылды. Оның ішінде 758 қызылордалық облыс әкімі жариялаған инновациялық жобаға арналған грантқа қатысты.
«Бизнес-кеңесшіні» курсын оқығандар арасында 244 азаматтың жалпы құны 364,2 млн. теңгені құрайтын жоба қаржыландырылды. Мәселен, Жанар Шаутеева жұбайымен бірге жұртшылыққа ерекше сыйлық ұсынуды ойластырып, фанерден лазермен әрлеу арқылы жасалған түрлі бұйым шығара бастады. Өз өніміне сұранысты байқаған Жанар қызығушылығын кәсіпке айналдыруды ойлайды. Кәсіпкерлер палатасында «Бизнес-кеңесші» оқу курсына қатысып, идеясын инновациялық грантқа ұсынды. Нәтижесінде грант иегері атанып, берілген қаражатқа кәде-сыйға арналған бұйымды жасауға құрал-жабдық сатып алды.
– Әр адам ең алдымен көзқарасын өзгерту керек. Жақсы ой, нәтижелі жұмыстың істелуіне негіз болатынына көзім жетті. Хоббимен айналысып жүргенде, мемлекеттен көмек алуға болады дегенге еш сенбейтін едім. «Бизнес-кеңесші» курсына қатысып, кәсіпкерлік негіздері туралы ақпарат алдым. Содан кейін қызығушылығымды кәсіпке айналдыру мақсатында жобамды инновациялық грантқа ұсындым. Грант иегері атанғаныма қуаныштымын, – дейді Жанар Шаутеева.