ЕЛ ТІЛЕГІМЕН ҮНДЕСКЕН
Елбасының биылғы Жолдауы көпшіліктің көкейіндегі ойды тамыршыдай дөп басты. Мәселен, 2019 жылдың қаңтарынан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға көтеріледі. Бұл үшін келесі жылы бюджеттен 5 млрд теңге бөлінетін болады. Учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы біртіндеп көтеріледі. Сонымен қатар, әрбір маманның жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу қабілетіне баса назар аударылып, жергілікті жердегі медициналық-санитарлық көмекті күшейту көзделуде. Сонымен қатар, Елбасы Жолдауында халықтың экономикалық белсенді әрі әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға баса назар аударғаны мәлім. Осы орайда Үкіметке келесі жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе арттыруды тапсырды. Мұғалімдер мен дәрігерлердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы 35%-ға көтеріледі. Сондай-ақ балабақша тәрбиешілері, өзге де қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі қайта қаралады. «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң қабылданады.
Жастарға керемет жаңалық болды. Елбасының 2019 жылды "Жастар жылы" деп жариялауы, соған орай ауқымды шаралар ұйымдастыруды әкімдіктерге тапсыруы, әсіресе «Жастардың отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс» деп қадап айтуы күнге деген сенімді еселей түсті. Жолдауда ауыл шаруашылығы саласын одан әрі жандандыру, отандық өнімдерге басымдық беру, шағын және кіші кәсіпкерлікті дамыту, туризмді өркендету туралы да ұғынықты айтылған. Қорыта келгенде, Жолдау жұртшылықтың тілегімен үндесіп тұр.
Олжас Ахметов,
Қазалы аудандық«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры