Инновация мен жылдамдық қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты белгісі — сарапшы
ҚР Президентінің Жолдауында жаңғырудың негізі ретінде қарастырылатын адами капиталдың дамуына басымдық берілген. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) жетекші сарапшысы Айман Жүсіпова айтты.
«Бұл заманауи сын-тегеуріндерге жауап беретін шешім, себебі, бүгінгі постиндустриялды даму, инновациялық экономика, білім экономикасы ғасырында жоғары деңгейлі маман, өз ісінің шебері кез-келген мемлекеттік артықшылығы болып табылады. Президент Жолдауында білім бағдарламаларының негізгі басымдылығы жаңа білімді өзгерту мен игеру, соған қарай бейімделу керектігі айтылған. Бұл фактор заманауи қоғамның жылдам өзгеріп отыратындығымен байланысты. Инновация мен жылдамдық қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты белгісі. Сондықтан, әлемдегі өзгерістерден қалыспау бүгінгі таңда көштен қалмаудағы ең маңызды шарт болмақ», - дейді Айман Жүсіпова.
Оның айтуына қарағанда, цифрлық дәуірге бейімделу күнделікті өмір мен қарапайым еңбек саласында да сұранысқа ие болып келеді.
«ВР жаһандық корпорациясы секілді бизнес саласының мамандары бүгінде еңбек нарығында кәсіби құзіреттілік деңгейі белгілі бір маманның бәсекеге қабілеттілігін білдірмейді, себебі күнделікті түрлі өзгерістер орын алуда деп есептейді. Атап айтқанда, алдағы он жылдықта жаңа технологиялар көптеген мамандықтардың жоғалуына әкеліп соқпақ, тың мамандықтарға сұраныстар артып келеді. Нақтыласақ, өндіріс, денсаулық сақтау, сауда, мемлекет басқару салаларындағы ақпараттық технологияларға әсер етіп жатқан Big Data үлкен деректер технологиясы мамандарына сұраныс артып келеді», - дейді сарапшы.