Жолдау аясында бірқатар міндеттер Энергетика министрлігіне жүктелді
Бүгін 2018 жылдағы Үкіметтің алғашқы отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Елбасының Жолдауы аясында Энергетика министрлігіне бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ресурстық әлеуетті ары қарай дамытуға тоқталсақ, Инвестициялар және даму министрлігі мен Энергетика министрлігіне кешенді ақпараттық технологиялық тұғырнамаларды белсенді енгізу жолымен пайдалы қазбаларды өндіру тұрғысында қадамдарды жақсарту керек», - деп тапсырды Б. Сағынтаев. Сонымен қатар Инвестициялар және даму, Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне өндірістер мен кәсіпорындарда энергия тұтыну нормативтерін бекіту мәселесін пысықтау тапсырылды. «Энергетика министрлігіне жаңаратын энергия көздері саласына инвестициялар тарту үшін жағдайларды жасау бойынша ұсыныстар енгізу жүктеледі. Мұнымен қоса, аталған министрлікке өңір әкімдерімен бірлесе бір айдың ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу жүйесін құру тұрғысында жол картасын әзірлеу тапсырылады», - деп атап өтті Үкімет басшысы. Бұл ретте Экологиялық кодекс пен өзге де заңнамалық актілерге тиісті түзетулер ескерілмек.