Баспаналы болудың жаңа тәсілі
Қызылорда облыстық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары саны күн санап артуда. Оның ішінде ауыл тұрғындары да бар.Енді елді мекен тұрғындары банк ғимаратына келмей-ақ, «Қазпошта» арқылы депозит ашу және толықтыру, несие төлеу, тағы басқа қызметтерді артық төлемдерсіз жүзеге асырады. Бұл жағдай ауыл, аудан халқы үшін тиімді болмақ. Осы ретте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Қазпошта» АҚ-ны заңды кеңесші ретінде жариялап, бірлесе жұмыс жасамақ. Бүгінде аудандардағы жалпы саны 36 пошта бөлімшесі автоматтандырылып, банк операцияларын орындауға дайын. Сонымен бірге Қызылорда қаласында 4 бөлімше бағдарлама бойынша жұмыс істеуге кіріскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚТҚЖБ Қызылорда филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Бану Ержанова мәлімдеді.
– Қазіргі кезде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымдар бойынша 13,3 пайызға дейінгі ең тиімді мөлшерлеме ұсынып отыр. Сондай-ақ, 2 пайыздық негізгі мөлшерлемесі бар депозит бойынша мұндай табыс дәл осы 20 пайыз көлемдегі мемлекеттің сыйақысы есебінен қалыптасады. Мемлекеттік сыйақы 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сома бойынша есептеледі. Бұл дегеніміз биылғы жылы 418000 теңгені құрап отыр. Жыл бойы біздің клиент осындай сома жинаса не оны бірден шотына салса, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 96200 теңгеге тең ең үлкен сыйақыны иемденетін болады, – деді Бану Ержанова.
Брифингте «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Салтанат Есболғанқызы қала, аудан, ауыл орталықтарындағы бөлімшелерде жұмыс істейтін мамандарға түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Алдағы уақытта банк бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты барлық аудандар бойынша техникалық оқытулар жүргізуде жоспарланған.Сонымен қатар биыл 9 қаңтар мен 8 ақпан аралығында «Өз үйім» бағдарламасы аясында «Арай-3» ықшам ауданында орналасқан 4 қабатты тұрғын үй, яғни 100 пәтерге өтініш қабылдау басталған. Басты талап тұрғын үй құнының 30 пайызын жинақтау қажет. Нысанның 1 шаршы метр бағасы бұрын 140 мың теңге болса, қазір 120 мың теңге.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА