» » Сыйлық мұғалімді кіріптар ете ме?

Сыйлық мұғалімді кіріптар ете ме?

Осы мәселе қоғамда ара-тұра талқыланып жатады. Ғаламтор шарласаңыз, осы тақырыпқа арналған нешетүрлі пікірді оқисыз. Мысалы, жақында ғана жақында блогер Айна Досқызы "ата-аналардың ақша жинап алған гүлі мен он бесінші кружкасы не апайға, не балаларға түк пайда бермейді"–деген ойын әлеуметтік парақшасына жазыпты. Осы постты ерінбей оқып шықтым және шынымен де мені ойландырды.
Білім күні, мұғалімдер күні, 8 наурыз сынды мерекелерде ұстаздарына оқушылар жекелей сыйлық әкеліп жатады. Мектепте әр баланың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Біреу сыйлықты асыра жасайды. Енді бір оқушының мұғалімге сыйлық беру түгілі, қағаз-қалам алуға жағдайы болмауы мүмкін. Бұл балалар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті байқатады. Осылайша біздің қолдан жасаған үрдіс бала психологиясында сыйлықтың құны мен бағасы әлеуметтік статусты айқындайды деген түсінік қалыптастырады. Ұстазына қымбат сыйлық апарған оқушы өзін өзгелерден жоғары сезініп, арзан нәрсе берген оқушыжүзін төмен салып, өзін кінәлі сезінуі мүмкін. Осы орайда ата-ана мен ұстаздар пікірін ортаға салдық.
 – Ботакөз ЖЕҢІС, ата-ана:
– Ұлдарым мектепте оқыған кезде, жасыратыны жоқ, мұғаліміне айтулы күндері тарту-таралғы дайындайтынбыз. Меніңше, сыйлық бергеннен ешкім кедейленіп қалмайды. Ол – перзентіңе тәлім беріп жатқан ұстазды елеп-ескерудің белгісі. Оның үстіне біздегі мұғалімнің жалақысын шетелмен, батыс елімен салыстыруға келмейді. Ұстаздардың көпшілігі айлығын шайлығына әрең жеткізіп отыр. Сөйтіп жүрген мамандарға ата-аналар азғантай сауға беріп, жанын жылытса, оның еш әбестігі жоқ.
– Бахуаддин САНАҚ, ата-ана:
– Сұрақ жиі туындайды мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтау керек пе деген. Баласымен бірге көп уақыт өткізетін әр мұғалім ата-анаға жақсы таныс. Ендеше, неге мұғалімді құттықтауға болмайды?! Балаңыздың білімі мен тәрбиесіне жауапты адамға назар аудару бұл сыйластық белгісі.
– Ақниет ТӘЖІБАЕВА, С. Әлжіков атындағы № 144 орта мектептің мұғалімі:
– Мен оқушыларым гүл сыйламайды немесе сыйлық бермей қойды деп ешқашан ренжіген емеспін. Себебі, ұстаз ретінде мен үшін оқушылардың білімге деген құштарлығы маңызды. Мейлі сабақта отырып жақсы баға алмаса, барлық пәнді беске оқымаса да, әйтеуір бір нәрсеге деген қызығушылығы оянып, өмірден өз орынын тапқанын қалаймын. Мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Бұл жайдан кейін көңіл-күйлері түскен ұстаздарды да білемін. Оларға түсіністік танытуға тырысамын. Себебі, бұл біз үшін бала махаббатының бір символы іспетті. Десе де ата-аналар сол гүлге кететін ақшасын баласының  дайындығына жұмсаса екен деймін.
– Гүлназ ҚАЗЫБЕКОВА, №15 лингвистикалық мектеп мұғалімі (Алматы қаласы):
– Ұстазға гүл бермеу дегенмен келісе алмаймын. Ұлағатты жандарға деген құрмет қашан да жоғары болу керек. Адамның пікірі, жемқорлық жайлы түсінік осы гүлге тәуелді болып қала беретін болса, не дерімді де білмеймін. Ұстазға не сыйласа да, шын жүрегімен берсе болғаны. Жеке өзім үшін сыйлықтың бағасы маңызды емес. Маған оқушының "Мерекеңізбен, ұстаз, сабақ кезінде көп нәрсе түсіндім" дегені жеткілікті.
Жауқазын САДУАҚАСОВА, ата-ана:
– Біз "бәрінен көңіл қымбат" деген түсінікпен өскен қазақпыз. Мәселе сыйлықтың немесе ақшаның құнында емес, көңілде болып отыр. Жасырын емес, арасында осы гүлдің сыбайлас жемқорлыққа себепші болатын кезі бар. Себебі, гүл беру арқылы ата-ана өз баласына ерекше назар аударуды талап етуі мүмкін. Мұның екі жағын қатар қарастырған дұрыс шығар?! Бірақ өзім үшін көңіл қымбат болған соң, ұстазға гүл мен сыйлық беруді құптаймын. Оның үстіне ақша сыйлық берушінің қалтасынан шығып жатыр. Оған жұрт неге бас ауыртады?! Соны түсіне алмай-ақ қойдым. Әркім шамасына қарап сатып алып жатыр емес пе?! Сол себепті жеке өзім ұстазға гүл сыйлап, сыйлық берген дұрыс деген пікірдемін.
                    
– Спандияр САҒАТ, 8 сынып оқушысы:
– Сынып жетекшімізге, пән мұғалімдеріне мейрамда гүл сыйлаймыз. Сынып болып, бәріміздің қалтамыз көтеретін көлемде ақша жинаған кезіміз де болды. Бірақ қымбат иіссу, әшекей заттар беріп көрмеппіз. Кейбір оқушылар мұғалімдерге өздері жеке сый тарту етеді. Онысы тоқсан жақындағанда "сыйлық бергенімді" ескерсін немесе "апайымның көзіне түсейін" деген сынды әрекет болып көрінеді өзіме. Бағамды көтермелеп қойсын деп кәсіби мерекесінде, туған күнінде мұғалімге сыйлық беріп көрмеппін. Өйіткені апайымның сыйлық берді екен деп, үздіктер қатарына қоса қоймайтынын түсінемін.
– Ағайша ТАСЫБАЕВА, ата-ана:
– Желкілдеп өсіп келе жатқан бала психологиясы әр кез «қайтсем өзгелерден ерекшеленемін?», «қайтсем апайымның көзіне жақсы көрінемін?» деген сұраққа көп алаңдайды. Өйткені, мұғалім – мектептегі басты тұлға. Бала үшін өзінің ұстазынан артық жан жоқ. Сондықтан ол әрдайым ұстазын қуантуды, жалпақ тілмен айтқанда оған жағынуды ойлайды. Мұндай жағдайда балаға қымбат сыйлық арқылы сыйлық алушы адамның саған деген жақсы көзқарасын түбегейлі қалыптастыра алмайтынын түсіндіру маңызды. Сыйлық – жақсы қарым-қатынас орнатудың кепілі емес.
Әйгерім ЖАППАР, ата-ана:
Ұстазына қымбат сыйлық апарған оқушы өзін өзгеден жоғары сезініп, келесі бірі қарадай жасып, өзін кінәлі сезінуі мүмкін. Мұндай ситуациядан мұғалімнің өзі алып шығуы тиіс. Мереке жақындағанда мұғалім: «Балалар, мен сендерден сый-сыяпат күтпеймін. Мен үшін сыйлық – сендердің жақсы оқығандарың. Мейрамда көтеріңкі көңіл-күй сыйлағыларың келсе, маған өз қолдарыңмен ашық хат жасаңдар. Ішіне бүгіннен бастап мерекеге дейінгі аралықта әр сабақтан қанша бес алғандарыңды жазыңдар. Кім жақсы оқып, бестікті көп жинаса, сол оқушы мені ерекше қуантқан болады» десе керемет емес пе?!.
– Әсем ЖАНҰЗАҚ, ата-ана:
– Келеңсіздік туындамас үшін сыйлық бағасы аса қымбат емес болғаны абзал. Гүл сый ретінде қандай жағдайда болмасын ұтымды әрі әдемі.
Тиімді сыйлық ретінде оқушылар өз қолынан щыққан дүниені айтуға болады. Себебі қолдан жасалған дүние шын көңіл мен ниеттен туындайды. Мәселен, тоқыма, бисер, оригами сынды өнерден туындаған сый үлкен еңбекпен жасалды әрі көрнекілік құрал ретінде таптырмас дүние.
Жалпы мұғалімді қолайсыз жағдайға түсірмей, сый жасаудың тағы бір әдісі – оқушының оқуда ілгерілік танытып, жақсы нәтиже көрсетуі.
«Сыйлап берген су тәтті» демекші, сый алу, сый беру адамдар арасында жылулық ұялататыны рас. Десек те, шегін біліп, шеттен шықпау қажеттігін ұмытпаған жөн. Ал мамандарға өз құқықтары мен міндеттерін білу, заң тұрғысынан сауатты болу мәселелеріне аса назар аудару қажет екенін атап айтқан дұрыс.
Пікірлерді топтастырған Байтүгей СУАН
09 қазан 2019 ж. 1 124 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930