Мектеп бітіру кешінің шындығы
Kozqaras
Жағында білім және ғылым министрі мектеп бітіру кештері жайлы: "Бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Бұрыннан келе жатқан жақсы бір дәстүр бар: түлектердің кештері мектеп аумағында өтеді. Онда мұғалім мен оқушы, түлектер арасында шынайы, емен-жарқын әңгіме болады. Бірақ, өкінішке қарай, соңғы кезде мектеп бітіру кештері бәсекеге айналды», – деді. Бұл мәселе жыл сайын айтылып, талқыға салынғанмен де, жас түлекке де, мектеп әкімшілігіне де, ата-анаға да тиімді болар бір шешім әлі табылған емес. Енді біз осы мектеп бітіру кеші жайында аз-кем өз ойымызбен бөліскенді жөн санап отырмыз.
Жалпы әлеуметтану ғылымында қандай да өзекті мәселе, орын алған құбылыс болмасын ең негізгі деген үш теориялық көзқарас аясында талданып, зерделенеді (құрылымдық-функциялық теория, конфликт теориясы және символдық интеракционизм теориясы). Сол теориялық көзқарастың бірі – құрылымдық-функциялық теория.Құрылымдық функционализм әлеуметтік ұйымның қалай жүзеге асырылатыны туралы мәселені зерттейді. Бұл теориялық көзқарас жаратылыстану ғылымынан басталады. Биолог ғалым жасушалардың бөліктерін (құрылымдарын) және олардың қалай жұмыс істейтінін (функциясын) анықтаса, құрылымдық функционализмді қолданатын әлеуметтанушы да қоғамның құрылымдарын және олардың қызметін анықтауға тырысады.
Құрылымдық-функциялық теорияны қолданатын әлеуметтанушылар әлеуметтік құрылымдардың табиғатын және салдарын зерттеумен шұғылданады. Құрылымдық функционализмді ұстанатын ғалымдар әлеуметтік құрылымдардың жағымды (пайдалы) нәтижелерін функция ретінде, ал теріс (зиянды) салдарын дисфункция ретінде сипаттайды. Олар сондай-ақ айқын (танылған және жоспарланған) салдарлар мен астыртын (кейін дамитын және жоспарланбаған) салдардар арасындағы айырмашылықтарды қарастырады.
Мысалы, жоғарыда айтып отырған мектеп бітіру кешін алайық. Мектеп бітіру кештері мектеп рухын қалыптастыру және оқушылар арасында әлеуметтік байланыстарды нығайту сияқты бірнеше айқын функцияларды атқаруға арналған. Кейде бұл оқушылардың өзіне беймәлім астыртын функцияларды ашуға себепші болады. Мысалы, осы кешті ұйымдастыру барысында бірігіп жұмыс істеп, тіпті бір-біріне шағымданудың өзі мұғалімдермен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Бітіру кештері айқын және астыртын дисфункцияларды да атқарады. Көпшілік байқай алатын айқын дисфункцияның бірі – мектеп бітіру кештері оқушылар арасында экономикалық жіктерді көрсетеді. Мысалы, жаңа киім сатып ала алмайтын оқушылар ұялғаннан келмей қалуы мүмкін. Астыртын дисфункция – оқушылардың кейбірі ұялудың орнына ашу-ызасы қозып, соның салдарына вандализмге немесе ұрлыққа, тіпті өз-өзін қор санап суицидке баруы ықтимал.
Анықтамасы | Айқын | Астыртын |
Функция | Мектеп рухын қалыптастырады | Мұғалімдер арасындағы байланысты нығайтады |
Дисфункция | Оқушылар арасындағы экономикалық жіктерді көрсетеді. | Жағдайы төмен оқушыларды ызаландыруы мүмкін, соның салдарынан кейбірі вандализмге, суицидке, т.б. ұрынуы мүмкін |
Қарап отырсақ, «Ата-анасы ұл-қыздың айтқанына көнеді» деп Ақтан Керей бабамыз болжағандай, ата-аналардың бір-екеуі осындай негізсіз шығынды бастайды да, қалғандары соған қосылады. Демонстрациялық мінез-құлықтан арылып, «аналар да жүр ғой» деп біреуді мысал қылғызбай-ақ, қарапайым құндылықтарды ұстаным етіп өмір сүрсек, өміріміз біз ойлағаннан да жеңіл болар ма еді деп ойлаймын.
Нұрсұлтан ҚАРАЖАН,
әлеуметтанушы