Мұғалімдер смартфон арқылы баға қоятын болды
ҚР Білім және ғылым министрлігі мұғалімдердің баға қою жұмысын жеңілдету үшін электрондық күнделіктің мобильді қосымшасын шығаруды көздеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат-қа сілтеме беріп Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осылай мәлім етті.
«Электрондық журналдар мұғалімдердің жүктемесін азайту мақсатында енгізілген. Қазіргі уақытта Қарағанды облысы мен Алматы қаласында сыналып жатыр. Әйтсе де, электронды журналды толтырудың қағаз журналды қоса толтыруды қажет етпейтінін қанша жазсақ та, кей мектептерде қос журналды қатар толтыру жағдайлары кездескен. Сол себепті, ҚР БҒМ Бұйрығына кең жолақты интернет қолжетімді болса, білім беру ұйымы журналды тек қана электронды түрде жүргізеді деген өзгеріс енгіздік», - деді Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оған қоса, министрлік мұғалімдердің баға қою жұмысын жеңілдету үшін мобильді қосымша жасау және мектептердегі Интернет сапасын жақсарту мәселелерін шешуде.«Электронды журналды оңай пайдалану үшін мобильді қосымшаның болуы маңызды. Сынамалы жобалар қосымшалардың мұғалімдерге өте ыңғайлы екенін көрсетті. Шамамен көктемде мобильдік қосымшалар дайын болады және көпшілікке таныстырылады. Осылайша, мұғалімдер мобильдік құрылғылары арқылы оқушыларға баға қояды», - деп өз сөзін түйіндеді вице-министр.