Мен – қазақпын!
Мен – қазақпын! Қазақ болып туғаныма мақтанамын. Қазақ болып дүниеден өтетініме сенемін. Жұдырықтай жүрегімде қайсар қазағыма деген махаббат аттай тулап, алпыс екі тамырым «қазақ» деп соғады. Бұл қасиет, бұл рух ержүрек ата-бабаларымнан келген қасиет деп білемін.
Мен –қазақпын! Жауынан қорықпаған, өліммен бетпе-бет келуде селт етпеген, бабалар рухы қолдай білген, жерін қасық қаны қалғанша қорғай білген ұлттың ұрпағымын.
Мен тәуелсізбін, қырандай еркінмін. Асылдың сынығымын, тектінің тұяғымын. Әрбір қазақта өр рухты намыс сезімі найзаның жүзіндей жарқырап көрініп тұрса ғой, шіркін! Әрбір қазақтың жаны мен жүрегі, бітімі мен болмысы наркескен намыс арқалап, жігер жарқылы алға жетелей берсе екен.
Қазақ! Осынау сөзді қалай қарай оқысаң да бір сөз шығатыны анық. Небір қиындықты көріп, қаншама зұлматты бастан өткерсе де жасымаған, өлмеген Қазақ текті ұлт.
Сан жылдар тентіресе де, тегі мен тілін сатпаған халқы бар, аспанға ұлыған көк бөрісі бар, қылышының жүзін қанмен суарған, тасқа қашалып жазылған тарихы бар қазақ ешқашан өшпек емес, ешқашан өлмек емес.
Көне араб қыпшақ сөздігіндегі мағынасы «еркін жүрушілер», «ержүрек, еріктілер» дегенді білдіретіні де тектен-тек емес. Еркіндіктің нышанындай қыран мен күн бейнеленген көк байрағымды берік ұстауды, кейінгі ұрпақты да бабалар жолына адал болуын аманаттағым келеді.
Мен – қазақпын! Осы сөзде зор жауапкершілік те, ауыр жүктің бар екенін де үнемі сезіне түсемін.
Айдана Қыпшақбай ,
№136 мектеп-лицейінің
11 «А» сынып оқушысы