Әблязов бізден қорқады
«Қазақстан оны тексеру істерін жалғастыра береді. Әблязов оны жақсы біледі әрі одан қорқады. Ол үнемі өзін саяси себептермен қудалап жатқанын айта береді, бірақ оны тексеру ісінде ешқандай саясат жоқ. Биылғы шілде айында Нью-Йорк соты Әблязовты өтірік айтқаны үшін айыптап, саяси қудалау туралы уәждерін қабылдамады. Бұған дейін Лондон соты оның 4 миллиард доллар талап етіп, жалған куәлік бергені үшін, оны алаяқ деген тұжырым жасап, 22 айға жаза кесті. Ұлыбритания Ішкі істер министрлігі оны босқын мәртебесінен айырды. Осыдан кейін Әблязов Францияға қашып барып, кезінде өзі алдап кеткен қазақстандықтарды сол жақта жатып алып алдауын қояр емес», – деді Бас прокуратураның қоғамдық мүддені қорғау қызметі бастығы Сапарбек Нұрпейісов. Нұрпейісов, өз сөзінде Әблязовтың сөзін тыңдайтындар үшін өкінетінін білдірді. «Әблязовқа сенуге болмайды. Ол адамдарды көшеде заңсыз митингілерге шығуға итермелейді. Біздің азаматтардан ұрлаған ақшасын сондай мақсатқа жұмсайды. Әблязов пен оның сыбайластары құрған ҚДТ ұйымы біздің елде сот тыйым салынған ұйым. Олар қарапайым адамдарды адастырып, қылмыскерге айналдыруда. Дәл қазір ол Қазақстаннан ұрлап әкеткен ақшаға Францияда және басқа мемлекеттерде өмір сүріп жатыр. Құрметті азаматтар, сіздерді арандап қалудан сақтандырамын, оның соңы – қылмыстық жауапкершілік», - деді Сапарбек Нұпейісов.