Тергеу соттарындағы жаңашылдық

Тергеу соты Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үшінші қабатында орналасқан, онда екі судья, 6 маман қызмет атқарады. Негізінен, тергеу соты - сотқа дейінгі істер бойынша іс жүргізу материалдарын қарайды, яғни қылмыстық қудалау органының сотқа дейінгі іс жүргізу барысында процестік әрекет жасауына рұқсат береді.
Тергеу судьясы- сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаннан бастап іс жүргізу барысында ҚР Қылмыстық процестік кодексінде көзделген өкілеттіліктерді жүзеге асырады, яғни олар: күзетпен ұстауды санкциялау; үйқамақты санкциялау; лауазымынан уақытша шеттетуді санкциялау; жақындауға тыйым салуды санкциялау; экстрадициялық қамақты санкциялау; жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мерзімдерін ұзартуды санкциялау; күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту; кепіл қолдануды санкциялау; мүлікке тыйым салуды санкциялау; күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру; бұрын өзіне қатысты күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру; мәйітті эксгумациялау; күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау мәселелерін қарайды; қарап-тексеруді санкциялау; тінтуді санкциялау; алуды санкциялау; жеке тінтуді санкциялау; мәжбүрлеп куәландыруды санкциялау; үлгілерді мәжбүрлеп алуды санкциялау мәселелерін қарайды.
Сонымен қатар, тергеу сотында- анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдары да қаралады (ҚПК-нің 106 бабы), яғни сотқа дейінгі тергеп- тексеру барысында өз құқығыңыз бұзылғандығы жайлы білсеңіз, тергеу сотына жүгінуге құқылысыз.
Тергеу соты қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында тұлғаның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандығын қамтамасыз етуге бағытталған қызметтерді атқарады.
Ардақ Смағамбетова
Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің
Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы