ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН МАТЕРИАЛДАР МЕН САЙТТАР АНЫҚТАЛДЫ
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті жүргізген діни сараптама жұмыстары барысында 4 332 материалға (діни әдебиеттер, діни бағыттағы басқа да материалдар) зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 196 нысанға теріс қорытынды берілді, деп хабарлады Дін істері комитетінен.
Діни сараптама жүргізудің негізгі міндеті Конституция нормалары мен Қазақстан Республикасының заңнамасына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына теріс әсер ететін заңбұзушылықтарды анықтап, оларға сараптама жүргізу болып табылады. Дінтану сараптамасының объектілеріне діни мазмұндағы және діни бағыттағы нысандарды қамтитын ақпараттық материалдар, рухани (діни) білім беру бағдарламалары, жарғылық және діни мазмұндағы басқа да құжаттар жатады.
Бұл ретте діни әдебиетті, діни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдарды, заттарды тарату діни ғимараттарда (құрылымдарда), рухани (діни) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ Астана мен республикалық маңызы бар қалаларда, облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен арнайы белгіленген стационарлық орындарда ғана рұқсат етіледі. Елімізде діни материалдар мен бұйымдарды саудалауға арналған 257 арнайы орын бар.
Жеке пайдалануға арналған заттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды әкелуді діни сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін ғана тіркелген діни бірлестіктер жүзеге асырады. Бұдан бөлек, діни радикализм мен экстремизмді насихаттауға қарсы іс-қимыл интернет-ресурстардыталдау арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, өткен жылы тек Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі 10174 интернет-ресурстың мазмұнына сараптама жүргізіп, оның ішінде 3 555 сайттың заң бұзушылық бағыттағы қызметін анықтаған болатын.
Заңбұзушылықтар анықталған сайттар бойынша теріс сараптамалық қорытындылар Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберіледі.Қайыржан ТӨРЕЖАН