Адамзаттың абзалы
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазірет бастаған мүфтият қызметкерлері, қала мешіттерінің бас имамдары, дін саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары екі жарым сағатқа созылған рухани кештің куәсі болды.
Сахна шымылдығы азан дауысымен ашылып, ортаға шыққан республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің азаншысы Ерлан Битенов Қасиетті Құран аяттарын оқыды. Содан соң, Пайғамбарымыздың өмір жолымен өрілді. Алла елшісінің заманына дейінгі надандық дәуірі, адамдардың азғындығы, әлемде күнәнің түр-түрінің жайылуы баян етіліп, Пайғамбарымыздың дүние есігін ашқан кезден жер бетінің жақсылыққа өзгергені жөнінде оқиғалар әңгімеленді. Мәуліттің ерекшелігі сол, Расулалланың шыққан тегі, өскен өңірі, балалық пен жастық шағы, пайғамбарлықтың белгілері рет-ретімен әңгімеленіп, көпшілік адамзат абзалының өмірбаянын ой елегінен өткізді. Ал, «Өнер қырандары» театрының актерлері әзіл-күлкісі аралас терең мағыналы, тәрбиелік мәні зор тақырыптарды көрініске салумен көрермендердің көңілін тебірентті. Кеш барысында эстрада әншілері ата дінімізді дәріптеген діни әндер шырқады.