» » ҰЛТТАР ЛИГАСЫ: ҚҰРАМАДА ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС БАР?

ҰЛТТАР ЛИГАСЫ: ҚҰРАМАДА ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС БАР?

Ұлттар лигасының қорытынды кездесуіне қатысатын футболшылардың есімі белгілі болды. Қазақстан құрамасы 15 және 18 қараша күндері биылғы Ұлттар лигасындағы соңғы матчтарын өткізеді. 15 қарашада сырт алаңда Албаниямен ойнаса, 18 қарашада Алматының Орталық стадионында Литва құрамасын қабылдайды.
Михал Билек шәкірттері Албания футболшыларымен өтетін ойынның алдында 11 қараша Подгорицада Черногориямен жолдастық кездесуге қатысады. Күні кеше ұлттық құраманың бас бапкері алдағы үш ойынға шақыртылған футболшылардың тізімін жариялады.
Ұлттық құрамаға өз командаларының кейінгі ойындарында жақсы нәтижемен көзге түсіп, бас бапкердің көңілінен шыққан футболшылардың шақырту алатыны белгілі. Мәселен, бұл айда М.Билек үш жаңа футболшыны жасыл алаңда сынап көруді жөн деп шешкен екен. Атап айтар болсақ, қақпашы Мұхаммеджан Сейсен, қорғаушы Юрий Логвиненко және жартылай қорғаушы Серікжан Мұжықов. Кейінгі екі футболшы бұған дейін де ұлттық құрама сапында талай халықаралық бәсекелерде ойнаған тәжіри¬белі жігіттер. Ал «Тараз клубының қақпашысы Мұхаммеджан Сейсен биыл бірінші рет ересектер арасындағы ұлттық құраманың жейдесін кимек. Ол бұған дейін Қазақстан жастар құрамасының (21 жас) капитаны әрі негізгі қақпашысы болып келген. Жас ерекшелігіне байланысты келесі жылдан бастап жастар құрамасында ойнай алмайтындықтан, Билек оны ерте бастан ересектер қатарына қосқанды құп көріпті.
Ал жарақатынан айығып, «Астананың» негізгі құрамына қайта оралған қорғаушы Ю.Логвиненко мен «Тобылдың» жартылай қорғаушысы С.Мұжықов Ұлттар лигасының қыркүйек және қазан айларындағы ойындарына шақырылмай, резервте қалып қойған еді. Енді міне, екеуі де қайтадан ұлттық құрамаға оралды. Сонымен Билектің сенім артар шәкірттері төмендегідей.
Қақпашылар: Стас Покатилов («Қайрат»), Дмитрий Непогодов («Астана»), Мұхаммеджан Сейсен («Тараз»).
Қорғаушылар: Ғафуржан Сүйімбаев, Нұралы Әліп (екеуі де – «Қайрат»), Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко (екеуі де – «Астана»), Марат Быстров («Ахмат», Ресей), Ян Вороговский («Беерсхот», Бельгия), Сергей Малый, Темірлан Ерланов (екеуі де – «Тобыл»), Александр Марочкин («Қайсар»), Олжас Керімжанов («Жетісу»), Тимур Досмағамбетов («Ордабасы»).
Жартылай қорғаушылар: Бауыржан Исламхан («Әл-Айн», БАӘ), Бахтиер Зайнутдинов (ЦСКА, Ресей), Исламбек Қуат («Химки», Ресей), Владислав Васильев («Рух», Беларусь), Айбол Әбікен («Қайрат»), Асхат Тағыберген, Думан Нәрзілдаев (екеуі де – «Қайсар»), Серікжан Мұжықов («Тобыл»).
Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Қайрат»), Алексей Щёткин («Астана»), Максим Федин («Қайсар»), Сергей Хижниченко («Ордабасы»).
Өткен айда негізгі құрамға шақыртылған қақпашы Владимир Плотников («Ордабасы») бұл жолы резервке түсіп қалған. Сондай-ақ алдыңғы жылдары ұлттық құраманың негізгі футболшылары саналған Дмитрий Шомко («Астана»), Юрий Перцух («Астана»), Азат Нұрғалиев («Тобыл»), Еркебұлан Тұңғышбаев («Қайрат»), Айбар Жақсылықов («Жетісу»), Тоқтар Жаңғылышбай («Ордабасы»), Роман Мұртазаев, Оралхан Өміртаев (екеуі де – «Тобыл») секілді футболшылар да резервте қалып қойды. Десе де бұл ойыншылар негізгі құрамның жігіттері жарақат алып қалған сәтте, олардың орнына құрамаға шақырту алады.
Айта кетейік, Ұлттар лигасының С дивизионында бақ сынайтын Қазақстан ұлттық құрамасы төрт турдан кейін топта төртінші орында келе жатыр.
Ерасыл ШӘРІБЕК


06 қараша 2020 ж. 316 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031