Стойлов ұлттық құрамамен алғашқы ойында жеңіске жете ала ма?
Елімізде биылғы футбол маусымы бүгін Қазақстан ұлттық құрамасының Будапеште Венгрия құрамасына қарсы жолдастық кездесуімен басталады. Еліміздің футболшылары 19-наурыздан бері Мадияр елінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Бүгінгі ойын өткен жылы елорданың «Астана» футбол клубымен Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шығып, кәрі құрлықты дүр сілкіндірген білікті жаттықтырушы Станимир Стойлов үшін ұлттық құрама басшылығындағы алғашқы ойын және алғашқы сын. Естеріңізде болса, ол наурыз айының басында ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы болып тағайындалған. Қазақ футболының көсегесін көгертеді деп, Қазақстан футбол федерациясының басшылығы болгар маманына еліміздің негізгі құрамын сеніп тасырды.
Стойлов ұлттық құрамаға бас жаттықтырушы болып келген соң футбол сарапшылары құрамада бірқатар өзгерістер болады деп топшылаған-ды. Алайда өткен аптада Қазақстан Премьер-лигасының алғашқы екі тур ойындарына ұлттық құраманың жаттықтырушылары арнайы барып, тамашалаған соң Станимир Стойлов Венгрия және Болгария құрамаларына қарсы ойынға шақырту алған 24 футболшының тізімін жариялады. Ұлттық құрамамыздың алдағы екі жолдастық кездесуіне шақырту алған футболшылардың тізімін көргенде, аса бір өзгеріс байқай қоймадық. Дегенмен, құрамаға шақырылған футболшылардың басым бөлігі «Астана» мен «Қайраттың» ойыншылары. Сондай-ақ бұған дейін жастар сапында ерекше ойынымен көзге түскен Бақтиер Зайнутдинов, Юрий Перцух және биыл ғана Ресей Премьер-лигасындағы «Уфа» клубына ауысқан Еркебұлан Сейдахмет алғаш рет ұлттық құрамаға шақырту алды.
Ал бүгінгі жолдастық кездесуде Серікжан Мұжықов жарақатына байланысты алаңға шыға алмайды. Сондай-ақ Георгий Жуков пен Юрий Логвиненко да ұлттық құрамаға көмектесе алмайды.
Станимир Стойлов Венгрияға сапар алдында еліміздің БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізіп, олардың маңызды бірқатар сұрақтарына жауап берген болатын. Көпшілік «Құрама сапында «Астана» мен «Қайраттың» ойыншылары тым көп емес пе?» деп сұрағанда ол:
«Көп болатын жөні бар. Өйткені, «Астана» өзінің деңгейі жоғары екендігін дәлелдеген команда, ал «Қайрат» соған жетеқабыл деңгейде ойнай алады. Маған жоғары мақсаттарға қол жеткізуге дайын футболшылар керек», - деп жауап берген болатын.
Сондай-ақ бас жаттықтырушы ұлттық құраманың ойынын жетілдіре түсу үшін уақыт керек екендігін айтады.
«Ұлттық құрамаға Стойлов келді, енді құрама үнемі жеңіске жетіп, Еуропаны таң қалдыра бастайды деп ойлаудың қажеті жоқ. Бәріне саты-сатымен жетуді көздейміз», - дейді ол.
Қазақстан мен Венгрия құрамасы бұған дейін 2014 жылы Будапештте жолығып, Венгрия құрамасы 3:0 есебімен жеңіске жеткен. Ол кезде ұлттық құраманы ресейлік маман Юрий Красножан жаттықтырған. Кеше екі құрама бапкерлерінің матч алдындағы баспасөз мәслихатында Венрия құрамасының жаттықтырушысы Жорж Лекенс өткен ойынға мән бермейтінін, бүгінгі ойында да жеңіске жетуді көздейтінін айтты.
«Мен жеңілуді емес, жеңіске жетуді көздейтін жаттықтырушымын, сондықтан бүгінгі ойында жеңіске жеткім келеді. Ал өткен матч өтті. Қазір Қазақстан құрамасы да, Венгрия құрамасы да ол ойынға қарағанда жаңарған. Бізде барлығы басынан басталады», - дейді Жорж Лекенс.
Естеріңізде болса, 2008-2010 жылы Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған неміс маманы Бернд Шторк 2015-2017 жылдары Венгрия құрамасын жаттықтырып, Мадияр елімен бірге 2016 жылы Францияда өткен Еуропа чемпионатын 1/8 финалына дейін жеткен болатын. Дегенмен, былтыр Венгрия футбол федерациясы әлем чемпионатына шыға алмаған соң Шторкпен арадағы келісімшартты бұзып, 2017 жылдың 30 қазанында қазіргі жаттықтырушы Жорж Лекенсті бас жаттықтырушы етіп тағайындады.
Венгрия құрамасы Жорж Лекенс басшылығымен бүгінге дейін екі жолдастық кездесу өткізіп, біреуінде жеңіліп, екіншісінде жеңіске жеткен. Алғаш 2017 жылдың 9 қарашасында сырт алаңда Люксембург құрамасына 2:1 есебімен есе жіберсе, 14-қарашада өз алаңында Коста Рикадан 1:0 нәтижесімен басым түскен. Ал Стойлов үшін бүгін ұлттық құрамадағы алғашқы ойын екенін жоғарыда айтып өттік.
ФИФА-ның 12 наурызда жариялаған ұлттық құрамалар рейтингінде Венгрия құрамасы ТОП-50 қатарында 50-орын болып тұр. Ал 2017 жылы бірде-бір ойында жеңіске жетпеген Қазақстан құрамасы болса 136-орыннан бір-ақ көрінді.
Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Станимир Стойловтың өзі айтқандай бүгінгі ойыннан нәтиже күтудің өзі ақымақтық болар. Дегенмен, Стойлов мырза жеңілістен көз ашпаған Қазақстан құрамасымен алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, еліміздегі футбол жанкүйерлеріне де жеңіс сыйлап, бір серпілтіп тастаса екен дейміз.
Венгрия-Қазақстан арасындағы жолдастық кездесу бүгін түнгі сағат 00:00-де басталады.