ЕКІ ЖЫЛ КҮТКЕН ЖЕҢІС немесе СТОЙЛОВТЫҢ СЕНСАЦИЯСЫ
Қазақстан ұлттық құрамасы Будапеште Венгрия құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, жеңіске жетті. Станимир Стойлов бас бапкер ретінде Қазақстан құрамасымен алғашқы матчта-ақ жанкүйер сенімін ақтады. Жолы болып, бағы жанып, тырнақалды кездесуінде қазақ жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Будапеште Венгрия құрамасын тізе бүктіріп, 2016 жылғы 6 маусымнан бері жеңіс дегеннің не екенін ұмытқан ұлттық құраманы дүр сілкіндірді. Ойын басталған бетте біздің жігіттер алға қарай лап қойып, айналасы төрт минуттың ішінде екі гол соқты. 10 минутта екі доп айырмасымен алға шықты. Венгрия құрамасы мұндайды күткен жоқ. Футболшылары да, жанкүйерлері де аң-таң... Есепті Роман Муртазаев ашты. Бауыржан Исламхан допты ойынға бұрыштан қосқан. Дедек қаққан теңбіл доп бәрінен «сытылып» кетіп, қақпаның алыс бұрышындағы Муртазаевтың оңай олжасына айналды. Венгрия құрамасының қорғаушылары мен қақпашысы сең соққандай есеңгіреп қалды. Көп ұзамай, Еркебұлан Сейдахмет оң қанатта алаң иелерінің 2-3 ойыншысын алдап өтіп, допты көлбеулете қақпаға қарай тепті. Қарсылас қорғаушыларының бірі секіре атылып, аяғының ұшымен кері қайтарғандай болған. Алайда жаза басты... Оған қарсы тұрған Бахтиер Зайнутдинов ыңғайына келген допты ышқына теуіп, қақпа торын бүлк еткізді. Бұдан кейін Венгрия құрамасы шабуылды үдетті. Бірақ бойларын ашу-ыза кернеген алаң иелерінің ойыны алға жүрмей қойды. Әйтсе де, есепті қысқартудың сәті түсті. Айып соққысын орындағанда ширақ қимылдап, біздің қорғаушылар мен Эричті қапы қалдырды. Дегенмен олардың қуанышы ұзаққа созылмады. Қорғаушылары өрескел қателік жіберіп, Еркебұлан Сейдахмет бір ғана қимылымен Мажарстан құрамасының қақпашысы мен қорғаушыларын сұлатып салып, допты екінші бұрышқа теуіп, үшінші голды соқты. Екінші таймның басында алаң иелері намысқа тырысып, тағы бір гол соқты. Бірақ одан әріге олардың шамалары жетпеді. Ойын аяғына қарай тіпті шаршап қалғандай күй танытты. Осылайша кездесудің соңғы минутына жетіп, төреші ақтық ысқырығын шалып, ойынды аяқтады. Айта кетейік, үш футболшымыз да ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын салды. Сондай-ақ Сейдахмет, Зайнутдинов, Перцух, Парагульгов сынды жас ойыншылар құрама сапында алғаш рет алаңға шықты.
Венгрия – Қазақстан – 2:3 (1:3)Голдар: Муртазаев, 6 (0:1). Зайнутдинов, 10 (0:2). Салаи, 21 (1:2). Сейдахмет, 30 (1:3), Немет, 68 (2:3).
Венгрия: Гулачи, Беше (Хандья, 46), Фиола, Отигба, Ботка (Ловренчич, 46), Угрои (Немет, 46), Кляйнхайслер (Паткой, 72), Элек (Пинтер, 67), Джуджак, Николич (Боде, 76), Салаи.
Қазақстан: Эрич, Шомко, Малый, Постников, Бейсебеков, Қуат (Ахметов, 84), Исламxан (Мирошниченко, 90+3), Зайнутдинов (Парагульгов, 73), Муртазаев (Сүйімбаев, 88), Сейдаxмет, (Перцух, 60), Хижниченко, (Тұңғышбаев, 76).