АУЫЛДАҒЫ АЛАМАН
Жаңақорған ауданы Машбек ауылында «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған қазақ күресінен 1998-1999 жылдары туған жастар арасында республикалық турнир өтті.
Ауылдағы айтулы аламан спорттың бірнеше түрінен өрбіді. Алдымен қазақ күрсінен өткен турнирге облыс орталығынан 11 команда 100-ден аса спортшы 8 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды. Жарыстың қорытындысына зер салсақ:
55 келіде Ердәулет Салыбеков (Қызылорда), 60 келі салмақ дәрежесінде: Олжас Оразалыұлы (Қызылорда), 66 келіде: Әділет Құлшым (ұлттық құрама), 74 келіде: Бижан Елібай (Алматы қ.), 82 келіде: Сұлтан Зарықбай (Жамбыл), 90 келіде: Мейірбек Байжігіт (ұлттық құрама), 100 келіде: Жансерік Жұмабай (ұлттық құрама), +100 келіде: Сұлтан Серікбай (Жамбыл) жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, қазақ күресінен өткен түйе палуандар сайысында қызылордалық Еламан Ерғалиев бас жүлдені жеңіп алды. Ал алматылық Руслан Әбдіразақов пен қызылордалық Нұрым Сәлімгереев ІІ және ІІІ орынды иеленді.
Жарыс волейбол және шағын-футболға ұласты. Волейболға 7 команда, шағын-футболға 12 команда қатысып, кім мықтыны анықтады. Волейболдан өткен турнирдің қорытындысы бойынша Машбек ауылы топ жарды. Шағын-футболдан «Сығанақ» командасына тең келер қарсылас табылмады. Жеңімпаз және жүлдегер командалар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының медаль, грамота және демеушілердің бағалы сыйлықтарымен марапатталды.