Қазақстандық балуан қыздар Испанияда бес медаль жеңіп алды
Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы Испанияның Мадрид қаласында өткен Гран-при жарысында бес медаль жеңіп алды. ҚР күрес түрлері федерациясы мәлім еткендей Нұрлан Аманқосов баптайтын еліміздің бойжеткендері аталған додада ел қоржынына 3 күміс 2 қола медаль салды. Испания астанасында өткен Гран-при турнирінде үш қызымыз финалда өнер көрсетті. Өкінішке қарай, барлығы да қарсыластарына есе жіберіп, жарыстың күміс жүлдегері атанды. Атап айтсақ, 53 келідегі Жұлдыз Эшимова финалда АҚШ балуанынан ұтылса, 55 келідегі Марина Седнева швед қызынан жеңілді. 59 келіде қырғыз балуанына жол берген Мадина Бақбергенова Гран-при турнирінің күміс жүлдегері атанды. Қоржынымызға түскен екі қола медальді Назира Аманжолова (59 келі) мен Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова (76 келі) жеңіп алды. Командалық есепте бойжеткендеріміз үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ, ерлер арасындағы бәсекеде 70 келіде күрескен Аслан Қуанышбеков күміс жүлдені қанағат тұтты. Аслан финалда моңғол балуанынан ұтылды.