ҚАСҚЫРЛАР "ТОБЫЛДЫ" ОҢАЙ ЕҢСЕРДІ
Футболдан премьер-лиганың 10 турының орталық ойыны Қызылордада өтті. Жергілікті "Қайсар" "Тобылды" қабылдап, 5-1 есебімен айқын жеңіске жетті.
Кездесу басталысымен Стойчо шәкірттері алғаш болып шабуылға шығып, үш ұпайды алудың жолын қарастырды. Ойынның 8 минутында діттеген мақсатына жетіп, бірінші болып есеп ашты. "Қайсардың" армениялық легионері Тигран Барсегян оң қапталдан айып алаңына еркін кіріп, қақпаны нысанаға алып, кездесудің алғашқы голын салды. Есеп 1-0! Жылдам гол жіберіп алған қонақтар алаңда есеңгіреп, доп алмасуда көп қателікке бой алдырды. 38 минутта Асхат Тағыбергенның бұрыштамадан асырған добына Куле Мбомбо бірінші жетіп, есепті еселеді. Ойынның бірінші бөлігі аяқталар тұста сәуір айының үздік ойыншысы атанған Асхат Тағыберген айып добын керемет орындап, есепті 3-0-ге жеткізді. Үзілісте Владимир Газзаев шәкірттерін ширатып алғандай көрінді. Кездесудің екінші бөлігі басталмастан қонақтар сәтті ойнап, есепті қысқартты. Ника Квеквескиридың тепкен добы қақпа ішінен бір-ақ шықты. Есеп 3-1! Бұл голдан кейін қауіпті шабуылдарды жанкүйерлер ойын соңына дейін байқай алмады. 85 минутта Тигран Барсегян маусымдағы алғашқы дублін жасап, таблодағы көрсеткішті ұлғайтты. Ойын аяқталар тұста Стойчо бапкер алаңға Шоқан Абзаловты шығарды. Төрешінің қосымша уақытында Шоқан премьер-лигадағы дебюттық голын салып, кездесудің нүктесін қойды. Қорытынды есеп 5-1! 10 тур аясында өткен кездесулердің нәтижесі төмендегідей:
"Ертіс" – "Ордабасы" 0-2;
"Тараз" – "Астана" 2-0;
"Атырау" – "Қайрат" 2-1;
"Шахтер" – "Жетісу" 2-0;
"Ақтөбе" – "Оқжетпес" 0-2.
Статистика сөйлейді
Бұл турда 6 кездесу өтті. 4 ойында алаң иелері жеңіске жетсе, 2 матч қонақтардың пайдасына шешілді. Бір қызығы, тең нәтижемен аяқталған ойын болған жоқ. Жалпы 10 турда 17 гол соғылды. Оның 5-еуін қазақстандық футболшылар, ал қалған 12 голды легионерлер салды.
Турдағы ең жылдам голды ойынның 1 минутында "Шахтердің" жартылай қорғаушысы Жан-Әли Пайруз "Жетісу" қақпасына соқса, соңғы голды «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Шоқан Абзалов «Тобыл» қақпасына ойынның 90+4-минутында соқты.
Сонымен қатар төрешілер 2 «11 метрлік» айып добын «Астана» және «Қайрат» қақпасына белгілеп, оны Ньюадзи («Тараз») және Жунич («Атырау») сәтті орындады. «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Нұрғалиев әлі де болса сұрмергендер көшін бастап тұр. Оған тараздық легионер Ньюадзи қосылды. Екеуі маусым басталғалы 5 голдан соққан.
Отандық футболшылардың салған голы ойын тағдырын шешпеді. Ал легионерлердің арқасында "Атырау" "Қайратты" 2-1 (Жунич, 35′, Аблитаров, 69′-Эсеола, 36′) есебімен, "Тараз" "Астананы" 2-0 (Ньюадзи 48′, Лобжанидзе, 76′) есебімен ұтты.
Орын | Команда | Ойын | Ж | Т | Ұ | Доп | Ұпай |
«АСТАНА» (Астана) | 11 | 8 | 1 | 2 | 19-8 | 25 | |
«ҚАЙСАР» (Қызылорда) | 10 | 6 | 2 | 2 | 14-6 | 20 | |
«ТОБЫЛ» (Қостанай) | 10 | 6 | 2 | 2 | 16-11 | 20 | |
«ЖЕТІСУ» (Талдықорған) | 10 | 5 | 2 | 3 | 13-6 | 17 | |
«ОРДАБАСЫ» (Шымкент) | 10 | 4 | 5 | 1 | 10-4 | 17 | |
«ҚАЙРАТ» (Алматы) | 11 | 5 | 1 | 5 | 15-12 | 16 | |
«ШАХТЁР» (Қарағанды) | 10 | 4 | 2 | 4 | 14-10 | 14 | |
«ОҚЖЕТПЕС» (Көкшетау) | 10 | 4 | 2 | 4 | 17-18 | 14 | |
«ТАРАЗ» (Тараз) | 10 | 3 | 0 | 7 | 12-21 | 9 | |
«ЕРТІС» (Павлодар) | 10 | 3 | 0 | 7 | 6-16 | 9 | |
«АТЫРАУ» (Атырау) | 12 | 2 | 3 | 7 | 7-19 | 9 | |
«АҚТӨБЕ» (Ақтөбе) | 10 | 2 | 0 | 8 | 9-21 | -6* |
*"Ақтөбе" ФК 12 ұпай алынды