ИЛЬЯҒА ЗІЛТЕМІР ИІЛМЕЙ ТҰР
Төрткүл дүниені таңқалдырған төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильиннің соңғы жылдары басынан бұлт арылмай тұр. Біршама үзілістен кейін жарыс алаңына қайта көтерілген Сыр толағайы Азия біріншілігінде жүлдеге іліне алмай, бестікті түйіндеді. Илья қатысқан бәсекелерінде алтын тұғырдан түспегені белгілі. Сондықтан Азиядағы сайыс саңлақтың сағын сындырғандай әсер қалдырды. Елге оралысымен өзінің алдағы мақсаты мен спорттық карьерасы жайлы ой бөлісті.
«Маған дәрігерлердің бірі «Илья, тыңда. Сенің өмірің әлі алда. Мүмкін мансабыңды аяқтарсың? Өйткені омыртқа жарығы ойнайтын ауру емес» деді. Алайда мен әлі де ойланып көретінімді айттым. Сөйтіп тәжірибелі түркиялық дәрігерге қаралдым. Мен оған 2007 жылдан бері қаралатынмын. Ол егер бәрін мұқият орындап, бәрін басынан бастайтын болсам спортпен айналысуға мүмкіндігім бар екенін айтты. Осылайша, жұмыс басталды. Әрине, мұндай жағдайда бірден әлемдік рекордтарға бара алмайсың. Қазір Антон есімді жас бапкермен жаттығып жатырмын. Ұжымым ұнайды. Өзіме ұнайтын сүйікті ісіме қайта оралдым. Дегенмен қазір бізге қандай жаттығу жүйесін ұстанатынымызды әлі де анықтау керек. Бұрынғы бапкерім Ержас Болтаевпен Қытайдағы Азия чемпионатында жолығып қалдық. Қарым-қатынасымыз жақсы. Жиі хабарласпаймыз, бірақ көрген жерде құрметіміз түзу. Ол өте білікті бапкер. Мен оған кенеттен хабарласып көмек сұрар болсам, оның ешқашан «жоқ» демейтінін білемін. Мен де солай. Жанкүйерлер баяғы Ильяны тұғырдан көре қоймас... Уақыт өз дегенін істейді. Бірақ әлем чемпионатындағы нәтиже әлдеқайда жақсы болмақ. Егер бәрі дұрыс болса, Токио олимпиадасында да жеңіс болады. Әлем рекордтары болмайды... Шынымды айтсам, жұлқа көтеруде әлем рекордын жаңартуды қалаймын. Жұлқадағы ең биік нәтиже 230 келі. Сірә, Токио менің соңғы жарысым шығар. Әрі қарай қалай болатынын көрерміз. Атқаратын шаруа көп. Оқу керек, жұмысқа орналасу керек. Мүмкін менеджер ретінде. Әзірге бұл сауал ашық күйінде қала берсін. Бірақ карьерамды аяқтайтыным 80 пайызға анық. Егер мансабымды әрі қарай жалғастыра берер болсам, сөзсіз қателік болар еді», – деді Илья Ильин.