Нью-Йорктегі бокс кеші
Биыл қазақ елі үшін 9 маусым ерекше күн болды. Дәл осы уақытта елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтсе, мұхиттың арғы бетінде қазақтың сары баласы Генадий Головкин мансабындағы маңызды жеңіске жетіп, дүйім елді қуантты.
Өткен жылдың қыркүйегінде мексикалық Канеломен жұдырықтасып, жеңіліс тапқан қандасымыз араға біршама уақыт салып рингке қайта оралды. GGG сенбі күні кешке Мэдисон Сквордта бұрын-соңды болмаған шоу өткізді. Ол Американың Нью-Йорк қаласында өткен осынау жекпе-жекте канадалық Стив Роллсты небәрі төртінші раундта нокаутқа жіберіп, кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Жекпе-жектің бірінші раундында қос боксшы да бір-біріне айтарлықтай күш жұмсамады. Баяу қимылдап, алаңның төрт бұрышында уақыт өткізумен болды. Ал екінші кезеңде Головкин (39-1-1, 35 КО) канадалық қарсыласына бас пен бүйректен кезек-кезек бірнеше соққы жасады. Роллс (19-1, 10 КО) болса сақтықпен қимылдап, үш минутта қорғанысын бұзбай ұстауға бар күшін салды. Алайда Роллс үшінші раундта сәл сенімділікке ие болып, отандасымыздың басы мен төменгі екі бүйірінен жойқын бірнеше соққы жасады. Бірақ осы екі соққыдан соң сары бала канадалықтың ойын мәнерін меңгеріп алғандай әсер қалдырды. Өйткені соңғы минутта ол Роллстың қорғаныс жүйесін бұзып кіріп, қара жігітті әжептәуір есеңгіретіп тастады.
Төртінші турда Головкин Роллсдың сілікпесін шығарып, бұрыштан бұрышқа қуып жүріп сабады. Соңғы сәтте сол қабырға мен бастан жасалған соққыға канадалық былғары қолғап шебері шыдас бермеді. Арқанға асылған күйі құлаған ол аяғынан қайта тұра алмады. Қазақ батырының латын еліндегі айтулы жеңісі осылай болды.
– Маған сеніп, жеңісімді тілеген баршаңызға алғысым шексіз. Рақмет. Ал Канеломен үшінші мәрте болатын жекпе-жекке келсек, мен оған дайынмын. Ол күні нағыз шоу көрсетемін. Мен соңына дейін күресетін болам, – деді ол.
Головкин бұл жеңісіне масаттанбай, дайындықты күшейте түсетінін айтты. Өйткені қыркүйек айында болатынАльвареспен трилогиялық күрестің маңызы зор. Айта кетейік, Альвареске қарсы соңғы жекпе-жектен кейін Головкин ұзақ уақыт бойы өзінің жаттықтырушысы болып келген Абел Санчеспен келісім шартын бұзып, Джонатан Бэнксті жаңа жаттықтырушысы етті.
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ