Чемпионат: VAR жүйесі қазақ күресіне де енеді
Кеше Қызылорда қаласында қазақ күресінен ересектер арасында чемпионат басталды. Чемпионаттың өту барысы жайында ҚР қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдаулет Маратұлымен тілдестік.
– Қазақ күресінен ересектер арасындағы чемпионат Қызылорда қаласында алғаш рет өткелі отыр ма?
Жалпы айтулы аламанға қатысушылар қалай іріктелді?
– Сыр өңірінде қазақ күресінен чемпионат соңғы рет осыдан 5-6 жыл бұрын, Жаңақорған, Шиелі ауданында ұйымдастырылған. Биыл облыстық денешынықтыру басқармасы чемпионаттың өтуіне оң көзқараспен қызығушылық танытып, қолдау көрсетуде. Біз өз тарапымыздан дүрмекті доданың түсірілімін Kazsport арнасынан беруді ұсындық. Енді балуандар бәсекесінің жартылай финалын, жарыстың ақтық мәресін тұрғындар 4 күн бойы арнадан тамашалай алады. Ал қатысушылар әр өңір бойынша рейтинг арқылы анықталды. Облыстық біріншілікте I, II, III орын иелеген балуандар чемпионатқа жолдама алды.
– Чемпионатқа қазақ күресінен қыздар да қатыса ала ма? Осы орайда ұйымдастырушы тарапқа қыздар күресі қаншалықты тиімді болмақ?
– Әрине, қыздар да осы чемпионатта бақ сынайды. Қазіргі ұлттық көзқараспен қарасақ, бізге қыздар күресі аса тиімді емес. Бірақ біз ауқымды аренаға, Олимпиада шыңына, Азия ойындарына жолдама аламыз десек, бұл саланы да дамытуымыз керек. Әлемдік аренада гендерлік саясат жүреді. Ал гендерлік жүйеде ер мен әйелдің құқығы тең. Сол үшін қыздарға да чемпионатқа жолдама берілді.
– Төрт күнге жалғасатын бүгінгі чемпионатқа "Қазақстан барысы" атанған Айбек Нұғымаров сынды кіл мықтылар қатысады
екен. Қалай ойлайсыз, білікті балуан жас буыннан жеңіліс табуы мүмкін бе?
екен. Қалай ойлайсыз, білікті балуан жас буыннан жеңіліс табуы мүмкін бе?
– Былтырғы чемпионат Петропавл қаласында өткенін білесіздер. Сонда "Әлем барысы" атанған Айбек орынға да іліне алмай қалды. Бізде "сен тұр, мен атайын" дейтін балуан жетерлік. Бірақ балуандардың алаңдағы бабын да ескерген жөн. Кейде ішкі жарыста қарсыласты қапы қалдырып жүрген мықтылар сыртта сан соғып қалады. Сондықтан Айбек бұл жарыста жеңілген күннің өзінде "Әлем барысында" топ жаруы әбден мүмкін. Нәтижені жайлы кесіп айта алмаймыз.
– Ал чемпионатқа төрешілер қалай бекітілді? Бәсекеде бәрі әділ өтеді ме?
– Қазіргі таңда төрешілер алқасының төрағасы өзіммін. Бізде қазір 44 төрешінің тізімі бар, олар да рейтинг бойынша таңдалған. Осы аймақтағы чемпионатқа бас төреші өзге облыстан тағайындалды. Себебі ұйымдастырушылар тарапынан "өз жерімізде жүлдені алып қалайық" деген ой болмауы керек. Оған қоса қазір жаңа теxнологияның да мүмкіндігі көп. Күрес алаңында үш кілем болса, оған алты бейнебақылау камерасы орнатылады. Оның бәрі бір компьютермен ғана басқарылады. Кез келген уақытта алаңда шу шығып, жаттықтырушылар тарапынан наразылық көрсетілсе, батырманы басып, бас төрешіге xабар беріледі. Бұл чемпионаттың әділ өтуіне оң әсерін тигізері сөзсіз.
Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН