» » НАҒЫЗ САЯСАТ – ТАҒАМ немесе ҰЛТЫҢДЫ АСХАНАҢМЕН НЕГЕ ДӘЛЕЛДЕМЕЙСІҢ?

НАҒЫЗ САЯСАТ – ТАҒАМ немесе ҰЛТЫҢДЫ АСХАНАҢМЕН НЕГЕ ДӘЛЕЛДЕМЕЙСІҢ?


Жақында бір досымның туған күнін атап өтуге «ерекше» орын іздедік. «Ерекше» болғанда, қазақы стильде безендірілген, ұлттық астың түр-түрін дайындайтын мейрамхана болса дедік. Жан-жағың ою-өрнек, көздің жауын алатын қазақы бұйымдар болса, сәні өзге, айтылар әңгіменің мәні басқа болар еді ғой. Білмеген соң, сұрау салдық. Іздедік. Әттең, таппадық.
 Қызылорда қаласы әкімдігінің ресми-интернет ресурсынан қала аумағындағы мейрамхана мен дәмханаларды бір шолып шықтық. Жетпіске жуық орын табылғанымен, нағыз қазақы асхана жоқ екен. Көштің басында «Қыз Жібек» мейрамханасы. Алайда, бүгінде орны бар да, өзі жоқ. Тізімде біршама қазақ атауларын көзіміз шалды, бірақ олар шетелдің баласы қазақтың тақиясын киіп алғандай әсер қалдырады. Ішіне кіріп қалсаң, еуропалық мәдениетке тап боласың. Негізінде, ұлттық тағам – жеңсік астың жүздегенін болмаса да, соған жетеғабыл түрін дайындайтын дәмхана жоқ емес. Бар екен. Бірақ, ешкім білмейді, естімеген. Барғандар басқаларға аузының суы құрып айтпаған. Айтса, «жақсыны көрмекке» деп елеңдеп тұратын жұрт ағылып келер еді ғой. Жарнама жетіспейді. «Попробуй по чувствуий», «Жаңа-жылдық ғажайып үшін» деп теледидардан түспейтін «Кока-кола» бал татыған қымыздан бетер болды. Ана жарнамадан соң «кола ішсең бауырың іріп, асқазаның құриды» деп қақсасаң да, «өтпейді». Өйткені «қиярды да, пиармен жейтін» бәсекелік заманда қызықтыра білу – өнердің атасы. Жарнамасыз өнім, өнім емес. Байқаймыз, облыстық телеарнадан ұлттық мейрамхананы насихаттаған жаңа форматтағы, ерекше жарнама көргеніміз жоқ.
Қызылордада «Құрмет» бар...
Қызылордалықтар халал деп жиі баратын «Тағам» асханасына біз де бас сұқтық. Кіре бере әр столдан кішкентай туды көріп, «бәрекелді» дестік. Иә, тәуелсіздікті тойлағанымыз кеше ғана. Сонымен, кіре бере іштей іздегенімізді көзімізбен шолдық. Мұнда бауырсақ, жент, құрт сынды алдын-ала дайындалатын ұлттық тағамдар бар. Сусыннан сүт, айран, шұбатты көрдік. Бірақ басты-басты тағамдарымызды сұрасаңыз, таппайсыз. Есесіне, «Тағамның» 70 адамға арналған банкеттік залы «Құрметке» алдын-ала тапсырыс беру арқылы қонағыңызға ұлттық дастархан жая алады екенсіз. Кем дегенде бір күн бұрын хабарласуыңыз қажет. Мұнда қазақы нақыштағы дүниелерді көріп, көзің де, ішің де тойып, бір серпіліп қайтасың-ау деп шамаладық. Сонымен, өзін Әлия деп таныстырған әкімші тағам тізбесін ұсынды. Алдымызға «Дәмтатым» келді. «Менюдің» қазақшаланғаны. Қуанып қалдық. Қойдың басы, ет жинағы, тоңбадан басталған астар көзімізге жылы ұшырап, сұйық тағамдардан «Турама», бауырсақ қосылған «Сорпа», «Кеспе», «Құйқа», «Бөртпе», «Айран көже», «Сүзбе көжені» көргенде «бар екен-ау» деп сүйсінгенімізді несін жасырайық. Ет тамақтың бірнеше түрі бар екен: «Жайлау», «Қазына», «Құлагер». Ненің етін жақсы көретініңізге байланысты таңдайсыз. Ал қою тағамдардан «Бұқтырма», «Палау», «Нарын», «Мипалау», «Қуырдақ», «Сірне», «Сиыр етін», нанның бауырсақтан бөлек мыжыма, тәтті қытырлақ түрлеріне тапсырыс бере аласыз.
Күзде Ақтауда халықаралық жастар форумына бардық. Батыстықтарда қазақылық басым деген рас-ау, сахнада киген киімдерінің ерекшелігінен бөлек, бір апта бойы қай мейрамхананың дастарханы болмасын, шәйға арналған тәттілерден балқаймақ, құрт, ірімшікті көрдік. Балқаймақ десе, балқаймақ екен! Қант жөніне қалып, дәміне тамсандық. Маңғыстаулықтардан жасалу тәсілін сұрап, сырттай қызықтап, іштей ұялғанымыз бар. «Құрметтің» дәмтатымынан соны іздедік. Бірақ мұнда, балқаймақ емес, майсөк, жент, құрт, сары май, қаймақ, ірімшік бар екен. «Жоқ, жоқ» дей беру жарамас, Қызылордада негізі мейрамхана бар. Бірақ әлгі айтқан жарнама жетіспейтінін түсіндік.
Енді «Қыз Жібек» жоқ...
«Шеттен келген құрметті қонақтар «Қыз жібек» мейрамханасына барады» дегенді естуші едік, сонымен қазіргі «Қыз Жібекті» көрмекке бел будық. Ұлттық ас, бір болса, сонда болады. Барсақ, лоундж-бар деп үлкен етіп жазылған «Шах сарайы» күтіп алды. Ғимарат сол. «Не болса да кіріп, мәнісін білейік» дедік. Кіре бере, бұрынғыдай Қыз Жібек пен Төлегеннің әдемі картинасы жарқ ете қалмады. «Қыз Жібек» жабылып, нысанның іші жаңартылып, осы мейрамхана құрылыпты. Қазақы бірде-бір өрнек көзге шалынбады. Жақында ашылғандықтан, тағамдар тізбегі әлі дайындалмапты, бірақ әкімші Жанат апайдың айтуынша, мұнда ұлттық тағамдардың түр-түрі болады. Өйткені басшы Жұмабай Қаражанов «Қыз Жібек»-тің бас аспазы болған. Бірақ, ұлттық астан дәм татқыңыз келсе, ең кемі бірнеше сағат бұрын хабарласып, ескертуіңіз керек. Бұрынғы бас аспаз, білікті маманның өз кәсібін бастағаны жақсы, бірақ ұлттық дүниеге қосар үлесі болғанда тіпті «қатып кетер» еді. Бір жылындық, бір тоңдық. Жақсы сөз жанды жылытатыны секілді, қазақы тағамдарды көргенде қуанғанымызбен, лоундж бары бар мейрамхананың ішімдігі болатынын естіп, «түсінікті» дестік.
Барайын десем, бара алмай...
Сонымен, байқағанымыздай, студенттер, жалпы қала тұрғындары бірнеше сағатқа кіріп, қазақы астың дәмін тататын орын жоқ. Қазақы бұйымдарды көріп, қазақ ою-өрнектерімен бедерленген көрпешеде отырып, ыдыстан ас ішсең қандай жақсы. Өткендегі мақаламызда «киіз үй тектес мейрамхана жасалса» деген ұсыныс айтып едік. Бұл, қызылордалық кәсіпкерлерге құлаққағыс болып тұр. Өйткені, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ендігі жылы Сырдарияның сол жағалауында рухани жаңғыру орталығы ашылатынын айтты. «Неге? Біздің Петропавл, Қостанайға өндіріс орнын ашу туралы айтқанымыз артық болар. Өйткені, олар өндірісі дамыған аймақ. Ал руханият мәселесіне келгенде Қызылорда – негізгі өңір. Кәусар бұлақтың көзі осы жерде жатыр. «Сыр Алаштың анасы» деп бекер айтылмаған, тарихшылар «Алаштың панасы» дейді. Астана, Алматыда үлкен жиындарда руханият мәселесі төңірегінде қызылордалықтар не дейді деп пікір сұрайды. Сол атымызға лайық емеспіз. Рухани поцестерге бет бұрғызатын негізгі орталық болу керек деп ойлаймын»,-деді Қырымбек Көшербаев. Ендеше, қазақы рух, қазақы болмыс әрбір дүниеден байқалуы керек. Бірақ, мұндай дәмханаға барайық десек, бара алмай тұрмыз.
Ең маңызды саясат - тағам
Қазір «дос басыңа, дұшпан аяғыңа қарайды» деген мақалдың мәні кетіп, «дұшпан дастарханыңа қарайды» болып өзгерген. Ал біздің асханамыз еуропалық асханамен салыстыруға келе ме? Қазір гастрономиялық туризм дамып келеді. Гастрономиялық туризм – сапарлап барған еліңнің тағамымен танысып, дәм тату. Шетелдік азаматтар «дегустацияны», яғни, бұрын ауыз тимеген тамақ ішкенді ұнатады. Айталық, түріктің кофесі, француз бен болгар шарабы, голландия, итальян, швейцария сырлары, өзбектің палауы дегенде аузымыздың суы құриды. Алматаның апорты дегенді айтамыз, бірақ ел назарын аударатын бірде-бір шара ұйымдастырмағанбыз. Ал қазақтың бренді не болуы мүмкін? Әрине, жылқының саумалы мен еті, түйенің шұбаты, қымыраны. Ұзақ өмір сүруді насихаттап жүретін академикШарманов бұл туралы: «Ұлттық рухтың берік болуы қоғамға байланысты. Қоғамның тұрақ­тылығына дұрыс тамақтанудың тікелей қатысы бар. Бұл жөнінде америкалық саясаткер Энтони Бурден: «Ең маңызды саясат – тағам», – деп айтып кеткен. Мен осы сөзді одан әрі жалғап, кеңінен тү­сіндіру мақсатында «ең пайдалы тағам – саумал мен жылқы етінен әзірленгені» де­дім. Себебі, жылқының еті мен сау­малында адам ағзасына қажетті дәрумендер өзге төрт түліктің сүтімен салыстырғанда бір­неше есеге көп. Әсіресе, сәбилер үшін бие сүті негізінде дайындалған тағамдар өте пайдалы. Сондықтан жылқының сүті мен етін қазіргі таңдағы құндылықтың тірегі десек те артық айтқандық болмайды», – деді.
Байқоңырға, Қорқыт ата кесенесіне алыс-жақын шетелден турист көп келеді. Оларға ұлттық асты ұсынып жүрміз бе, өзі?
Тобықтай түйін.
Кока-кола мен «чипсыдан», «кириешкиден» мың есе пайдалы ұлттық тағамды неге насихаттай аламай жүрміз? Дәмханаға барғанда құс қанаты мен «окорачкадан» жасалған кәуап сұрағанша, жылқы етінен жасалғанын не сұрамаймыз? Білдей бір облыс орталығында ұлттық асхана неге жоқ? «Жастар бармайды», «Қазіргі мейрамханалар заманға сәйкес» деп жылы жауып қоймайық. Рухани жаңғыруды іспен дәлелдейік. Оюлы жейде мен әмиянды трендке айналдырған жастардың қазақы дәмханадан да шықпайтынына сенімдіміз.
Айдана ЖҰМАДИНОВА
21 желтоқсан 2017 ж. 2 138 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031