» » » БЛУМНАН МАҒЖАННЫҢ НЕСІ КЕМ НЕМЕСЕ ҒЫЛЫМДЫ БАТЫСТАНДЫРУ КІМГЕ ТИІМДІ?

БЛУМНАН МАҒЖАННЫҢ НЕСІ КЕМ НЕМЕСЕ ҒЫЛЫМДЫ БАТЫСТАНДЫРУ КІМГЕ ТИІМДІ?


Әр саланың өзіне тән әдістері бар. Мәселен, педагогикада Блум тәсілі, психологияда Люшер тесті, философияда Сократ, Платон, Аристотель тұжырымдамалары оларды әлемге әйгілі етті. Себебі кез келген елдің мектебінде, жоғарғы оқу орнында оқушы осы тұлғалардың ғылымдағы әдіс-тәсілдерімен кеңінен танысады. Дұрыс-ақ. Жаһандануда көштің көлеңкесінде қалмағанымыз абзал. Дегенмен еліміздегі тұңғыш психология ғылымы докторларының бірі – Мәжит Мұқанұлының ойлау процестері туралы тұжырымы, Мағжан Жұмабаевтың ұстаздық-тәлімгерлік идеялары, Ахмет Байтұрсыновтың публицистика жанрында қолданған әдістері неге кеңінен насихатталмайды?
Біріншіден, еліміздегі ғылыми жаңалықтарға қызығушылық аз. Мәселен, халықтың көбі қазақстандық жас ғалымдардың жетістіктері туралы оқуға қарағанда алып-қашпа, негізсіз өсектер мен жағымсыз жаңалықтарға құштар. Жас ғалымдардың жұмыстары туралы жазатын «Бәрі бар», «Steppe» сынды сайттар бар. Дегенмен олар қаралымы бойынша сегізінші орында. Неге үздік үштіктің қатарында емес?
Екіншіден, қазақ ғалымдарының ғылыми әдістері кеңінен зерттелмейді. Елімізде жарық көрген ғылыми еңбектердің дені тұлғаның өмір жолын, шығармашылығын зерттеумен шектеледі. Мәселен, неге журналистика факультетінде Ахмет Байтұрсыновтың мақала жазуда қолданған әдістері жеке пән ретінде оқытылмайды?
Үшіншіден, білім саласындағы маңызды шешімдерді қабылдайтын шенеуніктердің көбі шетелде білім алған және орысша ойлайды. Соның салдарынан білім саласында ұлттық дүниетанымға, қазақы менталитетке сай әдістерге көңіл бөлінбейді. Мәселен, педагогикада Вальдорф әдісі кеңінен қолданылады. Ол әдіс бойынша бастауыш сыныпта баланың жігерін шыңдайды, орта сыныпта сезімін, жоғарғы сыныпта ойлау қабілетін жетілдіреді. Яғни баланы тәрбиелеуде білімді оқушыдан гөрі, өз-өзіне сенімді, рухани бай тұлға қалыптастыруға ден қояды. Осы әдістен артық болмаса, кем емес Мағжан Жұмабаевтың тәлімгерлік идеясына назар аударсақ. Ол бала тәрбиесін төртке бөледі: ақыл тәрбиесі, құлық тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі және дене тәрбиесі. “Бала берiк денелi болса, түзiк ойлайтын, дұрыс шешетiн, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемi түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиренiп, жақсылықты жаны тiлеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы», – деу арқылы Мағжан Жұмабаев тәрбие мақсатын айқындап бердi. Неге осы төрт тұғырлы тәрбиені қазақ мектептерінің негізі ретінде қолданбасқа?
Төртіншіден, бұл әдістердің әлемге танылуына аудитория ықпал етеді. Яғни қазақ ғалымдарының өз саласында қолданатын әдістерін дамыту және қолдау халықтың қолында. Аудитория неғұрлым білімді, талапшыл болса, ғылым да дами түседі, ғалымдарда аудиторияны таңқалдыруға тырысады. Шетелде білімін жетілдіріп, Қазақстан ғылымына өз үлесін қосуға, жаңаша методикасын енгізуге келгендер неге өзге мемлекетке кетуде? Себебі ғылымға келгенде бұқараның білімі таяз.
Атақты математик Асқар Жұмаділдаев халыққа бір теңдеу ұсынып, соның шешімін тапқанға 1 мың АҚШ долларын ұсынды. Оның сөзінше, сыйақы тағайындауының басты себебі – ғылымға халықтың назарын аударту.
Бұл ғылымға да назар аударыңдар дейтін маркетингтік тәсілім ғой. Әйтпесе, қазіргі жастарды қарасаңыз, кім болуды армандайды? Бәрі әзілкеш болғысы келеді, тез баюды қалайды. Мысалы, сіз жаңағы есепті шығарамын деп интернетті шарлап, ана кітапты бір, мына кітапты екі қарап, ақтарып, біраз білім үйреніп қаласыз. Осы мақсат орындалған сияқты. Бірнеше мың студент есепті өздерінше шығарып, жауаптарын жіберді. Барлығы да қате. Бірақ ішінде біраз жақсы ойлар бар, – дейді математик. 
Міне, ғылымдағы, әдебиеттегі, мәдениеттегі қазаққа тән әдіс пен тәсілдерді дамыту үшін ең бірінші мақсат – халықтың назарын аудару секілді.
Әсел БЕГМАН
21 желтоқсан 2017 ж. 1 163 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031