» » «КСРО ОРНАМАСА ЕДІ , ҚАЗАҚСТАН ҚАЗІР — АУҒАНСТАННЫҢ ӘР ЖАҚ , БЕР ЖАҒЫ БОЛАР ЕДІ».

«КСРО ОРНАМАСА ЕДІ , ҚАЗАҚСТАН ҚАЗІР — АУҒАНСТАННЫҢ ӘР ЖАҚ , БЕР ЖАҒЫ БОЛАР ЕДІ».

 Қайбір жолы, ФБ бетіне шетел оқып жүрген бір тәлімгер осындай ұшқары жазба жариялап еді. Көптің шамбайына тиді, бірақ Қазақ КОММУНИСТЕРсіз-ақ дами алар еді, деген дәлелді жауап ешкімнен шықпай жатты. Сол кезде Timur ағам нөпір арасынан суырылып шығып бүй деп еді:

— Қолда бар архивтік мәліметтің барлығы 1860-шы жылдан бастап-ақ қазақтар ояна бастаған, Еуропаға қарап бой түзей бастаған дейді. Батыста Жәңгір Хан Қазан университетіне құрылтайшы боп, Совет Өкіметі құрылмастан бір ғасырдай бұрын мектеп ашқанын, одан кейін батыс елдеріндегі бірінші өндірістік революция мен индустрияландыру үні біздің оқымыстыларға да жетіп, "Қазағымды қайтсем сол күнге жеткізем?" деген сұрақ күн тәртібіне шыға бастаған еді. Яғни 1850 жылдан бастап бізде ұлттық буржуазия жаңашылдық пен трансформация қажет екенін сезе бастаған болатын. Олардың көпшілігі бар мәселе — оқу-білім мен академиялық ғылымда екенін түсіне бастады. Ұл-қыздарын оқыта бастады. Думаға депутат боп, Ленин-Сталиндер санасқан Мұстафа мен Әлихандар аспаннан аяғы салбырап түскен жоқ. Сол өзің айтып отырған "надан боп құрып бара жатқан қазақтың" ішінен шықты.

Егер Алаш Орданың тарихын сәл қазыңқырап оқысаң, сол кездегі қазақ магнаттары яғни бүгінше айтқанда меценаттары мемлекеттің жаңа тынысы үшін барынша дайын боп, малмен де, жанмен де, қаржылай ресурспен көмектесе бастағанын білер едің. Совет өкіметі бізге оқытқандай "Надан һәм месқарын бай" саналатын ұлттық буржуазия қазақ газеттерін шығаруға, оларды сонау Орынбордан, Қазаннан, Тәшкеннен тасуға, яғни дала поштасын ұйымдастыруға бар күштерін салып көмектесті. Егер бажайлап қарасаң, өзің айтпақшы "Совет өкіметі адам қылған" бүгінгі "Мен баймын" деп жүргендердің ешқайсысы нақ қазақы оқыту-ағарту жобасына ат салысып жүрген жоқ. Оның басты және үлкен себебі - Совет Өкіметінің нөмірі бірінші мақсаты - ұлттық буржуазия мен ұлттық интеллигенцияны түп-тамырымен жойып, халыққа "Сен мал болғансың, надан болғансың, тарихың болмады, мәдениетің болмады, өнерің болмады, бәрін біз үйреттік" деген пропаганда жасау еді. Солай жасады да. Нәтижесінде міне, дүбара ұрпақ боп қалдық, Ресейге қарап жалтақтап отыратын. Сенесің бе, біздің елде қазір таңертең Кремльде бір заң-зәкөн шықса, түсқайта бізде сол заңның көшірмесі қабылданып жатады.

ХХ ғасырдың басында қазақтың оқығандары жәдидшілдер мен қадымшылар боп дискуссия жасаған полемикаға бүгінгі Совет Үкіметінің жемісі сен де, мен де араласуға біліміміз жетпейді. Ал 1920 жылдардағы "Қазақстан Республикасы деп кирилше жазғанда Қазағыстан болу керек пе, Қазақыстан болу керек пе?" деген сияқты газет бетіндегі Ахмет Байтұрсыновтардың академ пікірталастағы деңгейін көрсең, бүгінгі Совет Өкіметінің жемісі — Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты солайымен далада қап қояды.

Иә, критикалық ойлау дұрыс. Тарихқа басқаша баға беруге талпыну дұрыс. Призманы басқаша қарауға талпыну дұрыс. Шамам келгенше, барынша мәдениетті жазғаным. Дегенмен, осыншалықты деңгейде біздің потенциалымызды жермен-жексен еткенің жарамады енд...

1920 жылдары Советтер күн көрсетпей Түркіменстан арқылы Иранға қашқан Маңғыстаудың атақты ишаны, осы күнгі жұрт ойлайтын "арабша оқып, Қағбаға қарап бес уақыт тоңқаятын топас молда" Оразмағамбет ахун Тұрмағамбет Иран Пашасына, өзінің Үндістандағы Бомбей университетінен академиялық тәлім алған дәрежесі бар имам екенін айта отырып, Маңғыстау жерінің қай жерінде қандай тереңдікте мұнай жатқанын, ол мұнайдан не өндіруге болатынын хат қылып жазып, көмек сұраған. Ал өзің айтқан "бізге сауат сыйлаған Советтер" ол мұнайды содан кейін барып барлаған.

Анау өзің айтқан Советтердің Әлихандарға "Жапон тыңшысы" деп айып таққанының ар жағында негізі олардың расында Жапондармен байланысқанынан шығарады осы күні. Демек олар біздің интеллигенттерді қолдаған. Совет үкіметі болмағанда бізге қолдау білдіруші мемлекеттер жетіп артылар еді. Ал біздің пайдалы жерасты кенімізге ағылшындар ХІХ ғасырда-ақ көз сала бастаған еді. Бұл дегеніміз - ортадағы прокладкасыз төте экономикалық қарым-қатынас көзі еді.

Нұрбек Бекбау
01 маусым 2020 ж. 540 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930