«БИЗНЕС КЕҢЕСШІ» ҮЙІҢІЗДЕ
Кәсіпкер болуды армандап жүрсіз бе? Бірақ кәсібіңізді неден бастарыңызды білмейсіз. Солай ма? Мен де өз кәсібім болғанын қалаймын. Табысымды еселеу үшін тынымсыз еңбек еткім келеді. Бірақ қалай? Неден бастаған дұрыс? Қаржыны қайдан аламын?...
Санамдағы көптеген сауалдарға жауап іздеп Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына бардым. Маған мамандар «Бизнес кеңесші» оқу курсын оқып алуға кеңес берді. «Бизнес кеңесші» оқу курс туралы нені білуіміз керек? Оқуға қалай жазылуға болады? Дәріске дайындалудың жолы қандай? Оны оқып болған соң қайда барамыз? Міне бағанағы сауалдары тағы да осындай сұрақтар қосылды. Бірге жауап іздеп көрейік.
«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының қаржылық емес қолдау деп аталатын төртінші бағыты бойынша бизнес мектеп құраушысы жұмыс істеуде. Бизнес мектепте кәсіпкерлік негіздерін үйреттетін үш бағытта тегін курстар ұйымдастырылып жүр. Бұл курстардың біріншісі – «Бизнес кеңесші» деп аталады. «Бизнес кеңесші» оқу курсының сертификаты мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін, несие алу үшін немесе гранттарға қатысу үшін міндетті талап болып табылады. Яғни курсты оқып сертификат алған соң сіз кез келген мемлекеттік бағдарламаларға грант ұтып алу үшін конкурсқа қатыса аласыз. «Бизнес кеңесші» 2 күндік қысқа мерзімді оқу курсына жазылу биылғы жылдан бастап жеңілдетілді. Кәсіпкерлік бастамалары бар тұрғындарға кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға өте ыңғайлы етіп ұйымдастырылған. Бізге толығырақ, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бизнес тренері Мадина Қасымжанқызы айтып берді.
− Биылдан бастап "Атамекен Сервисэс" интернет-порталында үйден шықпай-ақ сертификат алуға мүмкіндік бар. Кез-келген уақытта электронды түрде дәріс алып, емтихан тапсыра алды. Дәстүрлі түрде оқыту үрдісі екі күнге жалғасса, онлайн түрде оқу қатысушыға байланысты. Онлайн түрде өтінім қалдыру үшін, сервисес.атамекен.кз порталына кіріп, өздігінен оқу жүйесін таңдау қажет. Курстан өткен соң қаржылық емес қолдау операторы, тестілеудің қайда, қашан өтетінін анықтайды. Оқу курсында кәсіпкерлікке кіріспе, бизнесті жоспарлау, кәсіпкерлерге арналған IT бағдарламалар, құқықтық сауаттылық секілді көптеген тақырыптар бар. Оқудың уақытын таңертеңгі 9.00-ден бастап кешкі 17.20 дейінгі уақыт аралығына өзіңіз белгілейсіз. Аудандағы кәсіпкерлерді қолдау орталықтары немесе қаладағы орталықтың бірінде тапсыра аласыз. Жеке куәлігі болуы керек, -дейді Мадина.
Онлайн өтінішіңізді өңірлік үйлестіруші қарап, рұқсат берген соң тест тапсырасыз. 15 сұрақтың 11-не жауап берсеңіз электронды түрде «Бизнес-кеңесші» бағдарламасын оқыды деген сертификатты жүктеп аласыз. Бұл сертификат сізге мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылық қолдау алуға септігін тигізеді.
Міне, мамандардың кеңесінен соң өзім үйде ғаламторға кіріп, оқу курсына жазылдым. Сізде талаптанып көріңіз. Мүмкін, облыстық ірі кәсіпкерлер басқосқан жиында кездесіп қалармыз. Армандау бір бөлек, оған ұмтылу тіпті басқа. Сәттілік!!!
Бану ҮСЕНҚЫЗЫ