Бейбіткүл КӘРІМОВА, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры: Руханият көшін үзіп алмай, келер ұрпаққа аманат ету – парыз
– Бейбіткүл Сәрсемханқызы, «Ақмешіт жастары» газеті өзіңізбен бірінші рет сұқбаттасып отыр. Сондықтан әңгімемізді Сыр өңіріне қош келдіңіз деген тілегімізден бастасақ. Өзіңіз туралы да бірер ауыз айтып өтсеңіз?
– Рақмет! Тамырын тереңнен тартқан, ұлт руханияты мен тарихында өзіндік орны бар, Алаштың анасы атанған Сыр өңіріне келіп қызмет жасай бастағаныма да бір жылға жуық уақыт болыпты. Еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда Сыр бойының қазақы қалпы, ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге деген өзгеше құрметі, ана тіліміздің сыр-бояуының соншалықты сақталғаны маған ерекше әсер етті. Осы өңірден ұлтымыздың мәдени-рухани өмірінде, ғылым, білім саласында өзіндік орны бар талай тұлғалар шықты. Қорқыт атадан бастау алған руханият көшін үзіп алмау, келер ұрпаққа аманат ету біздің, сонымен бірге біз тәрбиелеп отырған жастардың парызы деп ойлаймын. Университет ректоры, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұстаз ретінде осы жауапкершілік ойымнан шықпайды.
Мен де қазіргі күні өзім сәт сайын араласып жүрген студенттер секілді 1994 жылы Қазақтың Қыздар педагогикалық институтын бітірдім. Содан бері білім беру саласында, оның ішінде жоғары оқу орнында оқытушы, аға оқытушы, факультет деканының орынбасары, оқу ісі жөніндегі проректор, колледж директоры қызметтерін атқардым. Сол жұмыстармен бірге ғылыми ізденістермен де жүйелі айналыстым. 2011-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты республикалық ғылыми-практикалық орталығында директорлық қызметте болуым менің білім, ғылым саласындағы басқарушылық тәжірибемді нығайтып, кәсіби біліктілігімді одан әрі шыңдай түсті. Ал еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне ректор болып тағайындалуым маған артылған жоғары сенім деп білемін.
– Жастар газеті болғандықтан бізді толғандыратын мәселенің бірі университет студенттерінің ғылыммен айналысуына, өзін рухани дамытуына, қазіргі заманның басты талаптарының бірі түрлі жобаларды жүзеге асыруына қандай жағдайлар жасалған деген сұрақ...
– Өздеріңізге белгілі, ұрпақ тәрбиесі – қашанда қандай бір мемлекеттің болсын ең басты міндеті. Өйткені бүгін біз тәрбиелеп отырған ұрпақ – ертеңгі ел тізгінін ұстап, ұлт үмітін ақтайтын азамат. Сондықтан жоғары оқу орындарының алдында бәсекеге қабілетті, отансүйгіш, ұлтжанды, парасатты тұлға тәрбиелеу міндеті тұр.
Студенттерге қолайлы орта қалыптастыру – біздің басты мақсатымыз. Осы ретте университетімізде «Коворкинг» орталығын аштық. Бұл орталық жастардың бір-бірімен еркін араласуына, шығармашылықпен, ғылыми жұмыстармен айналысуына, университеттің, аймақтың, сондай-ақ еліміздің қоғамдық өміріне белсене атсалысуына үлкен септігін тигізеді деген сенімдемін.
Университетте талантты жастар көп. Алаш зиялылары сенім білдіріп, өзінің ертеңі деп үміт артқан жастарды қолдау, олардың қандай да бір істері мен көтерген бастамаларына көмек қолын созу – менің ең бірінші міндетім. Осы орайда университетте жалпы саны 20-дан астам жастар ұйымдарының жұмыс жасайтыны – біздің жастардың мақсатының айқын, жолының жарқын екенін көрсетеді. Олар: «Студент Жастар Одағы» қоғамдық бірлестігі, «Студенттік Парламент», «Жас Отан» жастар қанаты, студенттер кәсіподақ комитеті, «Қазақстан Студенттері Альянсының» филиалы, «Ұлағат ұландары» педагогикалық жасағы, «Ақиқат» дебат клубы, «Жасыл ел» еңбек жасағы, «Қыран» еріктілер жасағы, «ҚМУ шақырады» жастар қозғалысы, «Қыз Жібек» қыздар кеңесі, «Домбыра думан» клубы, «Берекелі жастар» ұйымы, «Сыр сымбаты» спорттық клубы, «Қорқыт жастары» жайдарманшылары, «Достық» студенттік клубы, «Жауқазын» жастар театры, «Enactus» ұйымы, «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» фронт клубы, «Сырлы қалам» жас ақындар ұйымы. Бұлардың барлығы жастар тәрбиесіне үлкен үлес қосып келеді.
Университетке талантты жастарды іріктеу мақсатында биыл мектеп бітірушілер арасында пән олимпиадасын өткіздік. 20 бейіндік пән бойынша өткізілген олимпиадаға 1000-ға жуық 11 сынып оқушысы қатысты. Әр пән бойынша жүлдегерлер анықталып, 202 білім алушыға ректор гранты тағайындалды және арнайы жеңілдіктер жасалды.
– Дәл қазіргідей жағдайда халыққа әлеуметтік көмек көрсетіп, қолдау білдіру – ең маңызды іс. Сондай-ақ әлемдік білім беру кеңістігіне кірігудің бірден-бір жолы халықаралық ынтымақтастықты арттыру екені белгілі. Бұл жайында не айтар едіңіз?
– Сауалыңыз өте орынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Жолдауында адам капиталын дамытуға, жаңа типтегі білімге инвестиция тартуға ерекше назар аударды. Еліміздің білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан тың реформалар мен жаңа бастамалар осындай жауапкершілігі зор міндетті орындауға бағытталуда.
Бүгінде жоғары білім беруді интернационалдандыру бағытында да келелі жұмыстарды қолға алдық. Отандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтармен ынтымақтастық байланыс ауқымын кеңейту – маңызды міндеттердің бірі. Бұл қадам білім алушылардың академиялық ұтқырлық, екі диплом бағдарламасын жүзеге асыруға жол ашады. Халықаралық ынтымақтастық аясында университет 120-дан астам білім орталығымен келісім-шарт жасасып, меморандумға қол қойған. Нәтижесінде, біздің студенттеріміз Америка Құрама Штаттарының, Польшаның, Австрияның, Түркияның, Корей Республикасының, Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында білім алуда. Студенттеріміз алдағы уақытта Болгария, Венгрия, Германия, Португалия, Испания, Сауд Арабия, Ұлыбритания және Канаданың жетекші жоғары оқу орындарында «Бірлескен білім беру бағдарламасы» аясында білімін шыңдай алады. Сонымен бірге алдағы 3 жылдың ішінде аймақтың сұранысына сай 3 білім беру бағдарламасын ағылшын тілінде дайындау және жаңа инновациялық 9 білім бағдарламасын реестрге енгізу, сондай-ақ Ресей, Қытай, Польша мемлекеттерінің және отандық жоғары оқу орындарымен бірлескен 5 білім беру бағдарламасын, үш дипломды бағдарламаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз.
Қазіргі таңда Англияның UCL, Германияның Ахен, Сингапурдың Менеджмент, Шотландияның Эдинбург университеттерінің жетекші ғалымдарымен онлайн форматта дәріс жүргізу жоспарланған.
– Еліміздегі саяси науқан Праймеризге қатысып жатырсыз. Өз бағдарламаңыздағы басым бағыттарды атасаңыз...
– Көшбасшы партияның атынан Праймеризге қатысу – мен үшін жоғары мәртебе. Партия мүшесі, Праймеризге қатысушы ретінде менің басты міндетім – облыстың дамуына, өңір жастарының өзекті мәселелерін шешуге, білім беру саласы мен ғылымды дамытуға, облыс орталығы – Қызылорда қаласының көркеюіне атсалысу. Осы ретте өз бағдарламамды алда атқарылуы тиіс басым 5 бағытқа негіздедім. Яғни, педагог мәртебесі, білімді ұрпақ қалыптастыру, жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, жасыл аймақ құру, туризмді дамыту. Осы бағытта нақты атқарылуы тиіс бірнеше міндеттерді қойдым. Бұл тек халық қалаулысы ретінде емес, жалпы ел азаматы ретінде менің алға қойған басты мақсатыммен үндеседі. Оның үстіне, қазіргі таңда білім ордасын басқарып отырған тұста ел жастарының мемлекет ісіне етене араласып, олардың саяси да, рухани сауатты болуына тікелей ықпал жасай алсам – менің көп мақсатымның орындалғаны деп білем. Ал осы жолда жастардың әлеуметтік жағдайы, денсаулығының ең басты орында тұратынын да жақсы түсінем. Сондықтан «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген асыл сөзді ұстана отырып, жас буынның алға қойған мақсатымен санасып, осы жолда оларға көмек көрсетіп, қолдау білдіру – менің өмірлік қағидам болып қала береді.
– Университетті дамыту жолындағы алдағы жоспарыңыз қандай?
– Алға қойған негізгі басым бағыттар қатарында атқарылар ауқымды шаруа көп. Біріншіден, білім беру қызметін интернационалдандыру стратегиясын жүзеге асыру; екіншіден, жоғары оқу орындарының әлемдік QS рейтингісіне ену; үшіншіден, аймақ экономикасы үшін маңызды ғылыми-техникалық жобаларды орындау және коммерцияландыру; төртіншіден, университеттің материалдық-техникалық базасын дамыту; бесіншіден, студенттік креативті идеялар мен әлеуметтік бастамаларды қолдау біздің негізгі қызметіміз болып қала береді. Университет ұжымы бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың берік негізін осылайша қалыптастыруда.
– Ой бөлісіп, жастарға қолдау білдірген риясыз әңгімеңізге үлкен рақмет! Еліміздің білім беру жүйесін дамыту жолындағы еңбегіңіз еселене берсін. Осы орайда газет оқырмандарына не айтасыз?
– Жастық шақ – адамзат баласының ең қызықты, қимас кезеңі. Аға буын үшін сағынышқа айналған сағым уақыт. Сіздер үшін қызық пен қуанышқа, арман мен мақсатқа толы ең көңілді шақ. Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев ХХ ғасырдың басында: «Мен жастарға сенемін!» деп келешек ұрпаққа сенім білдірсе, қазір Сіздерге еліміз бен Ел Президенті үлкен үміт артуда. Ел сенімін ақтау үшін Сізге бәсекеге қабілетті кемел білімнің қажеттігін жақсы білесіз. Қандай мемлекет болмасын оның болашағы жастар тағдырымен байланысты. Егеменді еліміздің ертеңі – білімі мен парасаты терең, бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеті қалыптасқан, саламатты өмір салтын ұстанатын жастар. Тәуелсіз Қазақстанның іргесінің берік, тұғырының биік болуы да – білімді, отаншыл, ұлтжанды, рухани дүниесі бай жастардың қолында. Сыр жастарының арасынан әлемдік деңгейде танылатын таланттардың көбірек шыққанын қалаймын.
– Сізге де үлкен рақмет, Бейбіткүл Сәрсемханқызы! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!
– Рақмет! Сіздерге де шығармашылық табыс тілеймін!
Ж.САҒИДА